Президент тапсырмасы: бақылауды премьер-министрдің өзі жүргізеді
Министерлер мен облыс әкімдері бірлесіп, жұмыс істеуі керек
Премьер-министр Әлихан Смайылов мемлекет басшысының тапсырмалары қалай орындалып жатқанына бақылауды өзі жүргізетінін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
«Құрметті әріптестер, президент берген тапсырмаларды нәтижелі орындау керек. Президенттің біздің жұмысымымызға қатысты кеше айтылған сыны өте маңызды екенін атап өткім келеді. Барлық мемлекеттік орган, әкімдіктер мен квазимемлекеттік сектор белсенділігін арттыруы қажет. Бірінші басшылар президент тапсырмаларының орындалуын жеке бақылауда ұстау керек», - деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, жобалар мен бағдарламалардың барлығы өңірлерде жүзеге асырылады. Сондықтан Үкімет мүшелері мен әкімдер бірлесіп, жұмыс істеуі керек
Бұл халықтың әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Сондықтан Үкімет пен әкімдіктер өзара тығыз байланыс орнатып, әрбір мәселені бірлесіп шешу керек. Жалпы Үкімет жұмысының нәтижелі болуы әрқайсымыздың тиімді жұмыс істеуімізге байланысты. Ел экономикасының дамуы және азаматтардың тұрмыс сапасының жақсарғанын сезінуі үшін жоспарланған жұмысты бірлесіп жүзеге асыруға күш салуымыз керек. Бақылауды өзім жасаймын, - деді премьер-министр.
Айта кетейік, кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет жұмысына көңілі толмайтынын айтып, оларға ескерту жасаған еді.