ДСМ коронавирустың өршуіне байланысты жаңа шектеулер енгізбек
Қазақстандықтар қоғамдық орындарда және көлікте міндетті түрде маска тағуы мүмкін
Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар санының өсуіне байланысты жаңа шектеулерді енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі.
Министр Ажар Ғинияттың айтуынша, өңір «сары» аймаққа өтсе, қосымша карантин шектеулері енгізіледі. Бұл жағдай бизнеске салмақ түсірмейді.
Денсаулық сақтау министрлігі бұл шараларды әзірледі, олар ведомствоаралық комиссияның келесі отырысында талқылауға шығарылады. Коронавирус жұқтырғандармен байланыста болған адамдармен, шектеулерді енгізумен, иммунитеті жоқ, ауру қызметкерлерді қашықтан жұмыс істеуге көшіру, қоғамдық орындарда және көлікте маска тағып жүруді міндеттеу бойынша шаралар қабылданады», - деді министр ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, өңірлер «қызыл» аймаққа өтсе, халықтың жүріп-тұруы мен кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне шектеу қойылуы мүмкін.
Ажар Ғиният бұл ұсыныстардың барлығы ведомствоаралық комиссияның қарауына шығарылатынын атап өтті.
Сондай-ақ министр елдегі рейстердің ұшуына, адамдардың шекарадан өтуіне байланысты шектеулер қойылмайтынын жеткізді.
Менің ойымша, мұндай қатаң шектеулер болмайды. Қазір инфекция өзгеріп отыр. Оның қарқыны жоғары емес. «Қызыл» аймақтағы өңірлерде шектеу шаралары енгізіледі. Бірақ олар соншалықты қатал болмайды, - деді ведомство басшысы.