Halyq Uni логотип
×

Әкімдіктер жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау функциясынан айырылды

Бұл функцияның кімге берілгені анықталды

 Айнұр Шошаева 26.01.2022 | 12:30
Әкімдіктер жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау функциясынан айырылды
фото: ашық дереккөзден

Аталған функция Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетіне берілді, деп хабарлайды Halyq uni тілшісі. 

2014 жылдан бастап жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау функциялары толығымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелді. Бұрын Жер қатынастары және Мемлекеттік бақылау басқармалары облыстық, қалалық және аудандық әкімдіктердің құрамына кіріп, онда «мүдделер қақтығысы» орын алатын. Сондай-ақ жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөніндегі уәкілетті органдардың бір мемлекеттік органда болуына байланысты сыбайлас жемқорлық сипатындағы шешімдер қабылдау тәуекелі болатын, – делінген министрлік таратқан хабарламада. 

Ведомство атап өткендей, 2021 жылғы 19 наурыздағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында Мемлекет басшысының берген тапсырмасына сәйкес, жер реформасы жөніндегі комиссия құрылды. 

Комиссияның 5 отырысында 120-дан астам ұсыныс көтеріліп, жер заңнамасын жетілдіру бойынша бірқатар жүйелі ұсыным әзірленді. Ұсыныстардың бірі «орталық-өңір» қағидаты бойынша жерді ұтымды пайдалануға мемлекеттік бақылаудың бірыңғай вертикалын құру болды, - делінген ақпаратта. 

Сонымен бірге, ведомство 2021 жылғы 30 маусымда «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан заңы қабылданғанын еске салды. Ол жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау функцияларын 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап аумақтық бөлімшелерін құра отырып, орталық уәкілетті орган ведомствосына беруді көздейді.

Соған сәйкес, жер беру жөніндегі функциялары әкімдіктерде қалды, ал әкімдіктердің жер беруін және меншік иелерінің/жер пайдаланушылардың жерді пайдалануын бақылау жөніндегі функциялар аумақтық департаменттерді құру арқылы АШМ Жер ресурстарын басқару комитетіне берілді. Осылайша, «орталық-өңір» қағидаты бойынша ҚР-да жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылаудың бірыңғай вертикалі құрылды және жер қатынастары саласында жинақталған проблемаларды шешу мен тәртіпке келтіру үшін аса маңызды қадам жасалды, – дейді министрлік.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама