Тағы бір тұрғын 20 қап үшін 320 мың теңгесін беріп қойған
Қазір жұрт дүкен сөрелерінен таппай жүрген қантты интернеттегі жалған жарнамадан көріп алмақ болғандар көбейді. Солардың бірі – кеше ғана 1 млн теңгесінен айрылып қалған Орал тұрғыны.
«Тұрақтандыру қорлары сататын қантқа жоғары сұраныс бар. Алайда барлық сауда нүктелерінде, базарларда нарықтық бағамен еркін сатылып жатыр. Сондай-ақ отандық қант зауыттарында өндіріс үздіксіз жүзеге асырылып жатыр. Маусымда шикі құрақтан қант өндіру шамамен 38 мың тоннаны құрады. Шілдеде 37 мың тонна өндіру жоспарланып отыр», - дейді «Астана» телеарнасына сұхбат берген АШМ баспасөз хатшысы Дамир Егізбаев.
Министрліктің осындай уәждеріне сенсек, бұл ретте тапшылықты бұқараның өзі жасап жатқанға ұқсайды. Бірақ біраз қаланың кейбір ірі дүкендерінде қанттың жоқ екені рас. Сондықтан ол интернетте ашық саудаға түскен. Тіпті онда дүкен бағасынан арзандары да бар. Келісін небары 200 теңгеге «сататындар» табылады. Міне, алаяққа жем болушылар негізінен сол арзанына қарай жүгіреді.
Полицейлер ашықтан-ашық WhatsApp желісі арқылы байланысуды сұрап жүрген алаяқтардың өзін анықтау оңай емес деп отыр. Олар мұқият жасырынады немесе мүлде басқа елде болады екен. Мысалы, Оралда «қант сатқан» сондай бір белгісіз адамның үстінен бірнеше адам арыз түсірген.
«Облысымыздың 1993 жылғы азаматы осы Орал қаласының тұрғынын 60 қап қант әперемін деп алдап, 1 млн теңге алған. Тағы бір тұрғын 20 қап үшін 320 мың теңгесінен айрылды. Қазір күдіктінің басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталды. Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдікті қамауға алынды», - дейді БҚО ПД баспасөз қызметкері Лунара Аманғалиева.