×

«Содыр жейтін соққыны момын да жеп жатыр». Ақжолдықтар қаңтар оқиғасын әділ тергеуді талап етті

Ресми дерекке сенсек, Қазақстанда қаңтардағы қайғылы оқиғадан 227 адам қаза тапты

 Ербол Тұрымбет 26.01.2022 | 11:56
коллаж: Halyq Uni

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса «қаңтар оқиғасына» байланысты мемлекеттік төңкерісті жасамақ болған кімдер, басшысы кім, қосшысы кім, орындаушылары кімдер, бәрі толық анықталып, түгел жауапқа тартылуы тиістігін айтты.  

Оның айтуынша, ереуіл кезінде бейбіт шеруге шыққандары үшін ғана көп адам, әсіресе, жастарымыз жазықсыз тұтқындалып, соққыға жығылып, азапталып жатқандары туралы нақты мәліметтер мен видеолар келуде. Әлеуметтік желілерде де жиі жазылуда. Сондықтан тек қылмыс жасағандар ғана жауапқа тартылуы тиіс. 

Әркімнің әрекетіне әділ баға беру үшін, алдымен лаңкестер мен экстремистерді, содырлар мен қарақшы-тонаушыларды бір бөлек, ал бейбіт шеруге шығушыларды бір бөлек қарастыру керек.  Түрлі ақпараттарға қарасақ, қазір содыр жейтін соққыны момын да жеп жатыр. «Ақ жол» партиясы түсіп жатқан арыздарға байланысты осындай талаппен бұған дейін де бірнеше рет Бас прокуратураға хат жазған болатын, – дейді депутат.

Оның сөзінше, қамаудағыларды азаптауды тоқтатып, адвокаттарға жол ашылуы тиіс. Жаралыларды ауруханаларға жатқызу қажет. Одан бөлек, тергеудің әділ де, ашық өтуін тексеру үшін Адам құқы жөніндегі уәкілдігі жанынан комиссиялар құрып, парламент пен жергілікті мәслихат депутаттарын, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерін қосу керек. 

«Ақ жол» партиясы өздерінің қосатын адамдарының тізімін дайындап қойды. Мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті толық тергеліп біткен соң, оның нәтижесін бүкіл ел білуі үшін Парламенттік тыңдау өткізу жөн деп санаймыз, – дейді Қ.Иса. 

Айта кетейік, қаңтардағы қырғында 227 адам қаза тапты. Жалпы 4500-ден астам адам зардап шегіп, 4353 адам түрлі жарақат алған.

2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар мен көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама