Құзырлы органның мәлімдеуінше, жәбірленуші полицияға бірден арызданбаған
Әлеуметтік желіде бойжеткеннің үрейін ұшырған ер адамның видеосы қызу талқыланып жатыр. Оның қолында пышақ болған. Аталған жайтқа қатысты қалалық полиция департаменті пікір білдірді.
Видеодан Шымкент көшелерінің бірінде телефонмен сөйлесіп тұрған бойжеткенге ер адам жақындап, қасына келгенде пышақ шығарғанын көруге болады. Ер адамның әрекетінен шошып кеткен бойжеткен айғайлап жіберген, ал осы сәтте күдікті қашып кеткен.
Instagram желісіндегі Shymkent.online паблигінің жазуынша, оқиға Нұрсәт шағынауданында болған. Желідегі жазбада жәбірленуші полицияға арыз жазғанын, алайда учаскелік инспектор болған жайтқа өзін кінәлап шыққанын айтады.
Әрине, қысқа шорты киіп алсаң кез келген еркектің ойы бұзылады деп жауап берді. Бұл сұмдық қой, енді өзімді қауіпсіз сезіну үшін қысқа кимеуіміз керек пе?!, - дейді бойжеткен.
Бұл жайтқа қатысты Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі пікір білдірді. Құзырлы органның мәлімдеуінше, жәбірленуші полицияға бірден арызданбаған. Оқиға 4 шілде күні болған, бірақ бойжеткен тек 12 шілде күні полицияға шағымданған.
«Қаратау аудандық Полиция бөліміне Шымкент қаласының тұрғыны арызданған. Ол өзінің арызында биылғы жылдың 4 шілдесінде түнгі сағат 22.00 шамасында Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Нұрсәт шағынауданында өзіне бейтаныс ер адамның жақындап келіп, пышаққа ұқсат зат көрсеткенін жазған. Қазіргі таңда аталған жайт тіркеуге алынып, күдіктінің жүрген жерін анықтау жұмыстары жүргізілуде. Тергеу амалдары жалғасуда», - дейді Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сонымен бірге баспасөз қызметінің өкілі аталған жайт бойынша қысқа кигені үшін қыздың өзін кінәлаған учаскелік инспекторға қатысты қызметтік тексеріс жүргізіліп жатқанын атап өтті.