«Алматы-Талғар» тас жолында болған апаттан 20 жастағы жолаушы қаза тапты
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.
Жол апаты 2022 жылғы 23 қаңтарда «Алматы-Талғар» автожолының 12 шақырымында болды. «Тойота Прадо» көлігінің жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып, «Хонда Стрим» көлігімен соқтысып, салдарынан соңғысының жүргізушісі мен жолаушысы ауыр дене жарақатын алды. Зардап шеккендер Алматы қаласының ауруханасына жеткізілді. 20 жастағы жолаушы алған жарақаттарынан қаза болды, – деді Алматы облысының Полиция департаменті.
Апатқа себепкер болған «Прадо» автокөлігінің жүргізушісі оқиға орнынан қашып кеткен. Оны көп ұзамай полиция қызметкерлері ұстады. Жол талғамайтын көлікті ішкі істер органдарының қызметкері басқарғаны анықталды.
Аталған факт бойынша қызметтік тергеу жүргізіліп, 24 қаңтарда облыстық ПД тәртіптік комиссиясының шешімімен, ол ішкі істер органдарынан шығарылды. Қазір осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.