Ол премьер-министр Әлихан Смайыловқа бұл мәселені бақылауға алуды тапсырды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда цифрландыру ісі баяу жүргізіліп жатқанына байланысты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинге ескерту жасады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Мемлекет басшысы министрдің ұлттық деректер банкін құру жөніндегі жұмысына көңілі толмайтынын ашық айтты.
Үкімет ұлттық деректер банкін құру жұмысын созбалаңға салу себебін баяндауға тиіс. Менің ойымша, цифрландыру ісі баяу, нашар жүргізіліп жатыр. Есеп комитетінің сынына ұшыраған «Зерде» ұлттық холдингінің жұмысын жақсартуды тапсырған едім. Цифрландыру жұмысының кураторы ретінде премьер-министр осы мәселеге баса мән бергені жөн. Министрге ескерту жасаймын. Сіздің жұмысыңызға көңілім толмайды. Премьер-министрді ұятқа қалдырып отырсыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Айта кетейік, бүгін мемлекет басшысы екі министрге сөгіс жариялаған еді.
Сондай-ақ президент Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің жұмысына көңілі толмайтынын айтқан болатын