3 млн-ға жуық адам медициналық сақтандырудан тыс қалды – Тоқаев
Одан нақты нәтиже жоқ екендігі байқалды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Үкіметтің кеңейтілген отырысында медицина саласына бөлінген қаржы көлемі артқанымен, мұнда қордаланған мәселелер шешімін таппай отырғаныдығына назар аударды, – деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Президенттің айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі тиімді болмай шықты, одан нақты нәтиже жоқ екендігі байқалды.
Үш миллионға жуық адам медициналық сақтандырудан тыс қалған. Соның кесірінен олар денсаулық сақтау саласындағы қызметтерді толық пайдалана алмайды, – деді Тоқаев.
Осыған байланысты мемлекет басшысы Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындаудв тапсырды.
Бұған қоса Президент денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру мәселесіне тоқталды.
«Бұл жұмыс өте баяу жүріп жатыр. Жалпы, цифрландырудың қазіргі деңгейі дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп отырған жоқ. Денсаулық сақтау саласында 40-тан астам ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Әр жүйенің өз кемшіліктері бар. Министрлік болса, жауапкершіліктен қашып, нақты шешім қабылдамай отыр, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол кемшіліктердің зардабын дәрігерлер мен азаматтар тартып жатқанын айтып, Үкіметке осы мәселені тез арада шешуді тапсырды