«Баласын құтқармақ болған әке де батып кетті». СҚО-да 3 адам судан ажал құшты
Рұқсат етілмеген жерде шомылған отызға жуық адам жауапқа тартылды
Солтүстік Қазақстан облысында батып жатқан баласын құтқармақ болған әке де ажал құшты. Қайғылы оқиға Қызылжар ауданына қарасты Новоникольское ауылынан 3 шақырымдай жерде болған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Яғни бұл отбасы рұқсат етілмеген жерде шомылған. Осылайша демалыстың арты қайғылы аяқталды. Баласының суға батып жатқанын көрген 24 жастағы ер адам оны құтқармақ болған.
1998 жылы туған азаматтың денесін сол жерде болған азаматтар алып шыққан. Ал 2016 жылғы баланың мүрдесін сүңгуірлер бір тәулік бойы іздеп, әрең тауып алды.
Мұнымен қоса Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда да осыған ұқсас оқиға болды. Бір топ жігіт Новоишимское ауылынан 7 шақырым жерде орналасқан өзенге шомылуға барған. Араларында туыстарына қонаққа келген 2002 жылғы Түркістан облысының тумасы суға секіріп, жағаға сол күйі шыға алмай қалған. Марқұмның денесін құтқарушылар тек екінші күні тапты.
Өңірде қазір полиция қызметкерлері тыйым салынған жерде суға түскен 27 азаматқа айыппұл салды. Мұнымен қоса қоғамдық орында спирттік ішімдік ішкен тағы 21 адамды жауапқа тартты.
Жалпы Солтүстік Қазақстан облысында биыл 58 орында ғана суға түсуге орын бар.
«Соңғы аптада өңірде тұрақты ыстық ауа райы орнады. Сондықтан демалысты суда өткізген кезде абай болу керек. Жағажайларда алкогольдік ішіктік ішуге қатаң тыйым салынады. Себебі оның арты қайғылы аяқталып жатады. Өткен жылы облыс аумағында 22 адам суға батып кетті. Оның алтауы – бала. Ал соңғы 9 жылда өңірде рұқсат етілмеген орындарда 211 адам ажал құшқан.
Жалпы өңірде қазір ең қауіпті су айдындары – Есіл өзені, Пестрое, Соленое, Лебяжье, Үлкен Таранғұл, Шалқар және Имантау көлдері. Бұл су айдындарында бүгінде 58 арнайы орын дайындалған. Яғни ол аумақта суға шомылуға болады. Ол Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қаулысымен бекітілген.
Өткен демалыс күндері құтқарушылар мен полиция қызметкерлерінің ұйымдастыруымен 40-қа жуық рейд өткізілді. 1,5 мың адамға арнайы жадынама таратылды. Егер жабдықталмаған жерде шомылғаныңыз үшін бірінші ретке ескерту жасалады. Ал онда ішімдік ішсеңіз, бірден 5 АЕК (15 мың теңге) мөлшерінде айыппұл салынады» , - дейді СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Қуат Махметов.