Салтанатты рәсімге қатысушылар батырдың рухына тағзым етті
Кеше Талдықорған гарнизонының Десанттық-шабуылдау құрамасында Кеңес Одағының Батыры генерал-майор Иван Панфилов бюстінің ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Оны салтанатты жағдайда Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Мұхамеджан Таласов пен Мемлекеттік әскери-тарихи музейі Алматы филиалының бастығы, атақты қолбасшының немересі Алуа Байқадамова ашты.
Қазақстандық әскери қызметшілердің бірнеше буыны үшін Иван Васильевич Панфилов аңызға айналған, жанқияр ерліктің және Отанын шексіз сүйген перзенттің үлгісі болып қала береді, – деп атап өтті Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Мұхамеджан Таласов.
Іс-шараға Ресейдің Мәскеу облысы Волоколамск қалалық округінің басшысы Михаил Сылка, Жетісу облысы және Талдықорған қаласы әкімшілігінің өкілдері, әскери бөлімдердің командирлері, Қарулы күштер мен Ауған соғысының ардагерлері, сондай-ақ батырдың немерелері Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Балдырған Байқадамова және Халықаралық Панфилов қозғалысының координаторы Айгүл Байқадамова қатысты.
«Жетісу облысының аумағында орналасқан десанттық-шабуылдау құрамасы Иван Панфилов есімімен аталады. Дәл осы жерде 1941 жылдың жазында ел аузында «панфиловшылар» деп аталып кеткен 316-шы атқыштар дивизиясы құрылды. Бүгінгі күн – тарихи күн. Қорғаныс министрлігіне және бюст жасауға атсалысқан баршаға азаматтарға алғыс айтамын», – деп Алуа Байқадамова шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.
Салтанатты рәсімге қатысушылар Иван Панфиловтың бюстіне гүл шоқтарын қойып, осылайша Отан тарихында жарқын із қалдырған батырдың рухына тағзым етті.