Жалғыз бала оқыған: биыл Қостанай ауылдарындағы 13 мектеп жабылады

Еркеғали Болатұлы

Ауылдан халық кетейін деп жатыр

фото: ашық дереккөз

Өңірде кейбір ауылдағы білім ошақтарының есігіне қаңтар айында қара құлып салынған. Өйткені онда жалғыз бала оқыған көрінеді.

Шәкірт саны аз мектептер бірден жабылмайды дейді облыстық білім басқармасының мамандары. Оларға оқушы саны көбейіп қалар деген үмітпен уақыт беріледі. Алайда ахуал оңалмаса, орта мектеп негізгіге, ал негізгілер бастауышқа көшіріледі.

Одан кейін де оқушы азайса, мекеме жабылып, қалған балалар өзге елді мекендердегі мектептерге ауыстырылады. Көрші ауылға қатынау үшін арнайы автобус бар. Егер елді мекен шалғай болса, оқушылардың мектеп жанындағы интернаттарда жатып оқуына мүмкіндік бар. Қазір облыс бойынша 20 мектеп интернаты жұмыс істеп тұр.

«Жабылайын деп жатқан 13 бастауыш мектепте 2-3 бала ғана қалайын деп отыр. Мысалы, Әулиекөл ауданындағы Целинный мектебін жабу жоспарда болмаған. Бірақ ауылдан халық кетейін деп жатыр. 6 мектептің ішінде 1 орта мектеп негізгі мектепке ауыстырылады. 5 негізгі мектеп бастауыш мектепке көшейін деп отыр», - деді Қостанай облысы білім басқармасының бөлім басшысы Қарлыға Исмурзина «Астана» телеарнасына берген сұхбатында.