«Алаш» базарында жоғары вольтты электр желілерінің астында заңсыз сауда жасалып жатыр
Бұл тұтынушылардың денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін
23 маусымда «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Нұр-Сұлтан қалалық филиалына Шынықұлова деген тұрғын «Алаш» базарында орналасқан жоғары вольтты электр желілерінің астында заңсыз жолмен көкөністер мен жемістер сатып жатқаны туралы хабарлап, бұл қала халқының денсаулығына кері әсерін тигізетіні және ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екендігін айтып өтінішпен жүгінді.
Өтініш беруші осы мәселені талай рет көтеріп, бұған дейін бірнеше рет тиісті мемлекеттік органдарға жүгінген екен. Бірақ оның сөзіне ешкім құлақ аспай, өтініші жауапсыз қалған.
«Әділдік жолы» РҚБ Нұр-Сұлтан қалалық филиалының басшысы Дархан Құлжамбеков өтініш иесімен бірге «Алаш» базарына барып, оның келтірген деректерінің растығына көз жеткізді.
Энергетика министрінің 2017 жылғы 28 қыркүйектегі №330 бұйрығымен бекітілген «Электр желілері объектілерінің күзет аймақтарын және осындай аймақтардың шекараларында орналасқан жер учаскелерін пайдаланудың ерекше шарттарын белгілеу» қағидаларын талаптарына сәйкес ғимараттар мен құрылыстардың үстінен электр берудің әуе желілерінің өтуіне жол берілмейтіні айтылған.
Осы ретте көкөніс пен жеміс сатушылар министрліктің талабын орындамай, электр желілерінің астында заңсыз сауда жасап отыр.
23 маусымда «Әділдік жолы» өкілдері бұл жағдайды шешу мақсатында тиіс органдарға хат жолдап, 12 шілдеде «Байқоңыр» ауданы әкімінің аппараты, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы, қаланың отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы, қаланың сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы және «Ақмола жер үлестіру басқармасы» АҚ өкілдері көшпелі кездесуі ұйымдастырып, «Алаш» базарының әкімшілігіне электр беру желілерінің астында саудаға жол бермеу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар, «Байқоңыр» аудандық полиция басқармасы «Алаш» және «Шарын» базарының әкімшілігі ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.