Елжан Біртанов пен Олжас Әбішев судьяға алтыншы рет қарсылық білдірді
Бұған Біртановтың өзі де қуанып отыр. Ол кезінде орынбасары болған Цойдың айтқандары сот процесінің әділ жүруіне ықпал етеді деп сенеді.
Бұрынғы министр айыптаушы тараптан, яғни прокурорлардың айыбын нақтылау үшін куәгер болып шақыртылмақ. Сот алдында бәріміз тек шындықты айтуымыз керек. Алексей Цой біздің сұрақтарға да жауап береді. Заң аясында жауап берсе, қорғаушы тараптың куәгері болады деп есептеймін. Біздің ешқандай байланысымыз жоқ. Бұл істің негізгі фигуранттары болғаннан кейін қарым-қатынасымыз заңмен шектелген, - дейді Елжан Біртанов.
Кеше Елжан Біртанов пен тағы бір айыпталушы вице-министр Олжас Әбішев судьяға алтыншы рет қарсылық білдірді. Соттағы айтылған шындықтан барлығы хабардар болуы керек деп санайды олар. Өздерінің «сүттен ақ, судан таза» екенін ақпарат құралдарының алдында дәлелдегісі келеді.
«Соңғы 2 жылда қоғам ішінде мен ақша ұрлады деген пікір қалыптасты. Басында 127 миллион деді, сосын 500 миллион, былтыр 1,5 миллиард теңге шығын келтірді деді. Қоғам мені ұры деп ойлады. Сот, тергеу басталғанда бұл айыптау дәлелденбеді. Міне, осындай шын ақпараттар тарап кетпеу үшін БАҚ-тың түсіруіне тыйым салынып отыр. Өйткені о бастан жазықсыз адамдарды ақша ұрлады деп айыптағанын, тергеуде қателік болғанын жасырғысы келеді», - дейді Олжас Әбішев.