×

Екі аптаға созылған наразылық: «Доссормұнайгаз» жұмысшыларының не үшін тарасқаны белгілі болды

Доссорда жалақысын кешіктірмей төлеуді талап еткен наразы топтың акциясы аяқталды

 Айнұр Асылбекқызы 13.07.2022 | 11:40
фото: Halyq Uni

Атырау облысы Мақат ауданы Доссор кентінде «BuildServiceCom» компаниясына көліктерін жалға бергендер мен көлік жүргізушілерінің 27 маусымда басталған наразылығы 13 күнге созылып аяқталды. Соңғы рет 9 шілдеде шығып, «Ембімұнайгаз» АҚ-ның өндірістік құрылымдық бөлімшесі «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы Серік Әбдиевпен кездескен соң тарасқан.

Еске салайық, «BuildServiceCom» компаниясы – «Ембімұнайгаздың» өндірістік құрылымдық бөлімшесі «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының мердігер компаниясы.

«BuildServiceCom» компаниясы «Ембімұнайгаз» АҚ-ға үздіксіз көлік тұрғысынан қызмет көрсету жөнінде келісімшартты былтыр 19 сәуірде жасасқан. 

Мердігер компанияға көліктерін жалға бергендер мен көлік жүргізушілері еңбекақысының кешігетініне наразылық білдіріп, ақысын әр айдың 10-ы мен 15-інен кешіктірмей төлеуді талап етіп, 20-дан аса адам жұмысқа шықпай қойған. 

Компанияда көлік жүргізушісі болып жұмыс істеген Рамазан Оразбаев маусым айының жалақысын әлі алмаған. Ал, көлікті жалға бергендер әлі мамыр мен маусым айларының көлікті жалға беру ақысын ала алмай отыр. Оразбаев егер маусымдағы жалақыны ала алмаса, Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасына арызданатынын айтады. Ал, көлік жүргізушілері екі айдың ақысын төлемеген жағдайда сотқа беруге бекініп отыр.

Наразылық білдіргендердің қатарындағы алтауы компанияда істеген көлік жүргізушісі, қалғаны көліктерін жалға бергендер. Жалпы, 21 көлік тұрақта тұрған, 25 адам наразылық білдірген.

Компания басшысы Рүстем Әбілов компанияда 1 шілдеде олармен арадағы көлікті жалға алу келісімшартын және еңбек келісімшартын біржақты түрде бұзғанын айтты. 

Ол көлік жүргізушісі болып істеген қызметкерлерінің еңбекақысы мен зейнетақысы уақытылы төленіп тұрғанын және олардың қарсылық танытып отырмағанын алға тартты. Бұдан бөлек, ол:

«Көлік жүргізушілері көлікті жалға берушілермен бірге наразылыққа неге шыққандарын өздері де білмейді. Көлікті жалға берушілерге қосылып, күндіз «жұмысқа шықпаймыз» деп талаптарын айтады, ал кешкі сағат 18:30-да «жұмысқа шығайын деп едім» деп телефон соғады. Олардың бәрі бір ауылдың адамдары. Онда неге наразылыққа шықтың деп сұрасақ, көлікті жалға берушілердің итермелегенін айтып, «бәріміз біріміз үшін» деп шыққанын айтады», - дейді. 

1 шілдеде барлық наразылық білдірушімен арадағы келісімшартты бұзар алдында олардың жеке электронды пошталарына «келісімшарттың өз міндеттемелерін орындамағаны үшін біржақты тәртіпте бұзылатыны» туралы хабарлама алдын ала жолданған. 

Ал, екі аптаға жуық уақыт жұмыс тұрып қалғандықтан, «Ембімұнайгаз» АҚ 8 шілде күні «BuildServiceCom» ЖШС-іне мердігер келісімшартын бұзу туралы хабарлама берген. 

Әбілов келісімшартты сақтап қалу үшін тағы да екі-үш күн уақыт беруді сұрап, қызметкерлерден жұмысқа шығуын өтініп, олармен келіссөз жүргізуге тырысқанын, тұрып қалған көліктерді толық болмаса да ауыстыруға талпынғанын жеткізді. Ол көлік жеткіліксіз болғандықтан және қызметкерлер жұмысқа шықпағандықтан мердігер келісімшарты бұзылып, жұмыс болмағандықтан өзінің де көлікті жалға берушілермен де, компанияның өзінде істеген көлік жүргізушілермен де келісімшартты бұзуға тура келгенін айтады.

«Ембімұнайгаз» АҚ мердігерге көліктік қызметі үшін ақыны ертерек аударғанымен, «BuildServiceCom» компаниясы салық аударымдары есебін қате тапсырғандықтан есепшотын белгісіз мерзімге бұғаттап тастаған. Бұл жайында компания басшылығы қызметкерлерге есепшотты бұғаттан ашқан кезде көлікті жалға алу ақысының бәрін аударатынын түсіндірген. 24 маусымда есепшот бұғаттан ашылып, 27 маусым, жұма күні ақшаны аудара бастаған кезде «Ембімұнайгаздан» мердігер компанияның көлік жүргізушілері жұмысқа шықпағаны жөнінде хабарлаған соң, ақша аударымын тоқтатып тастаған. Сол кезде жалға беруші екі адамның ақысын ғана аударып үлгерген.

Рүстем Әбілов мамыр, маусымда төленбеген төлемдер бойынша сұрақты компания заңгері Дамир Балтабаевқа қою керектігін айтты. Дамир Балтабаев көлікті жалға алу келісімшартында қызмет көрсетуші өз міндеттерін орындамаса, соңғы ай үшін төлем төленбейтіні көрсетілгенін алға тартты. Ол «төлемді талап етушілердің бәрі де сотқа жүгіне алатындарын, сот тәртібінде бұл мәселені талқылайтынын, кімге қанша төленуі тиіс екендігін сотта анықтап барып төлейтінін айтады.

«Ембімұнайгаз» АҚ-ның ұйымдастыру бөлімінің жетекші маманы Ғалия Қаражанова «BuildServiceCom» компаниясына 28 маусым күні «4 шілдеге дейін компанияның ішіндегі жұмыстарды реттеп, шешіңіздер» деген хат жібергенін, бірақ, олар шеше алмағандықтан, 8 шілдеде оларға «келісімшартты бұзамыз» деген хатты жібергенін, «Самұрық-Қазына» АҚ тәртібі бойынша келісімшарт он күн өткен соң бұзылатынын, қазір соған сәйкес тиісті құжаттарды ресімдеу жұмыстары жүріп жатқанын хабарлады. 

Қазір оларға «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы Серік Әбдиев 9 шілде күні наразылық білдірушілерге жақында жаңа мердігермен келісімшарт жасалатынын, соған барлығын да жұмысқа кері алатынын, көлікті жалға беру ақысы да сол күйінде болатынына уәде еткен. Азаттық тілшісімен сөйлескенде де Әбдиев мұны растап, былтыр тендерге түскенде екінші орын алған мердігермен келісімшарт жасалатынын және жұмыссыз қалған 25 көлік жүргізушісі мен көлікті жалға берушілердің бәрін де мердігердің жұмысқа алуына кепілдік беретінін айтты. Алайда, мердігер компанияның атын әзірше атай алмайтынын айтты. Ал, көлік жүргізушілерінің бірі Рамазан Оразбаев ертең, 13 маусымда Әбдиев жаңа мердігермен кездесуге жұмсыссыз қалғандарды шақырғанын және оған да мердігер компания атауын айтпағанын хабарлады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама