×

Қайта «шапқан» коронавирус: онлайн форматқа кімдер көшеді?

«Омикрон» штамы қауіпті болып тұр

 Наима Нұрәлі 13.07.2022 | 11:05

Нұр-Сұлтан қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті инфекциялық және паразитарлық ауруларды қадағалау бөлімінің бас маманы Ақмарал Мейрманова елімізде эпидемиологиялық ахуал нашарласа, қашықтан жұмыс істеуге алдымен кімдердің көшетінін жеткізді.

«Онлайн жұмысқа барлығы бірдей көшпейді. Жүкті әйелдер, науқастармен қарым-қатынаста болған және екпеге қарсы тұрақты көрсеткіштері бар азаматтар онлайн жұмыс істейді. Жабық мекемелерде, қоғамдық көліктерде маска кию ұсынылды. Қатысушылар саны 10 және одан асқан жағдайда конференция, жиындар онлайн форматқа ауысады», деді Ақмарал Мейрманова.

Сонымен қатар маман қазір «омикрон» штамының дес бермей тұрғанын айта келе, тұрғындар сақтық шараларын ескермесе, жаңа инфекциялық аурулардың пайда болуы мүмкін екенін ескертті.

«Коронавирус қайта өршіді. Атап айтқанда, елорда бойынша өткен айда бір күнде ауруханаға 1-2 адам түссе, мамыр айынан бастап вирус жұқтырғандар саны 120-дан асты. Клиникалық белгілері бұрынғыдай. Сақтық шаралары сақталмаса, коронавирус қана емес, басқа да инфекциялық аурулар өршіп кетуі мүмкін», деді сарапшы.

Айта кетейік, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны күрт өсті. Өткен тәулікте 820 адамның індетке шалдыққаны анықталды. Науқастардың жартысынан астамы Алматы (280) мен Нұр-Сұлтанда (180) тіркелді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама