Көкшетау полицейлері кәсіпкерден 50 мың доллар алды деген күдікке ілінді

Динара Амантай

Аталмыш сомаға қылмыстық істі жабуға уәде берілген

Фото: Halyq Uni

Көкшетауда қалалық ПБ бастығының орынбасары кәсіпкерден аса ірі мөлшерде пара алды деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Көкшетау қаласы полиция басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты басқа органның іс жүргізуінде жатқан қылмыстық істі тоқтатқаны үшін кәсіпкерден 50 мың АҚШ доллары сомасында ақша қаражатын алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Ағымдағы жылдың 8 шілдесінде жүргізілген жедел-тергеу іс-шараларының нәтижелері бойынша ҚПК-нің 128-бабы тәртібінде Көкшетау қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары ұсталды, – делінген хабарламада.

9 шілдеде Көкшетау қаласының тергеу соты күдіктіге қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Тергеу мүддесінде өзге ақпарат жария етуге жатпайды.