Ем іздеп, тәуіп аралап жүргендердің көбеюі тұрғындардың психологиялық тұрғыдан сауатсыз екенін көрсетеді
Елімізге пандемия келгелі «онлайн ем» жасайтындар да көбейген. Қазір «онлайн емшілер» телефонның арғы жағында отырып-ақ шыққан қолды салып, дертіңе дауа тауып беретін болыпты. Кеше «Астана» телеарнасының тілшісі Аружан Задабек әлеуметтік желіден «қашықтан қабылдаймын» деген жарнамасын оқып, сондай бір тәуіп әйелмен тілдесіп, шағын тәжірибе жасап көрген екен.
Емші тілшіден суреті мен алдын-ала төлем жасауын сұраған. Сурет жіберілді, ақша төленді. Содан кейін «иығым маза бермей ауырып жүр» деген шағым айтылған.
«Сіздің жауырыныңыз жабысқан. Қатты жабысқан. Жауырыныңызды ашу керек. Қазір маған 1 стақанға су құйып, суретке түсіріп жіберіңіз ватсапқа. Мен сізге сол суды оқып беремін. Соған тұз араластырып жауырыныңызға жағасыз», - депті әлгі тәуіп әйел.
Онымай қоймай, «ерекше қабілетті» әйел енді денсаулығың мазаламайтындай етіп оқып беремін деп уәде беріп, оның да «ставкасын» айтқан.
– 10 мың теңге болады, 10 мың теңге.
– 10 мың теңге?
– Иә, 2-3 күнде емдеп шығамын.
Бұл ретте «Әлжан ана» мешітінің наиб имамы аңғал жұртты ашылмай жүрген бағыңызды бірер минут iшiнде «ашып», жоғалтқан жоғыңызды «тауып», ауырған басыңызды «жазып», болашағыңызды болжайтындардан аулақ болуға шақырып отыр.
Онлайн түрде де осындай бір шариғатымызға, ислам дініне қарсы келетін жолдармен ақша тауып, адамдарды алдап, арбап, тіпті осы арқылы дінге де қарсы шығып кеткен кісілерді қоғамда көріп жатамыз. Әлбетте мұндай нәрселерге дініміз қарсы, - дейді ол.
Ал, психотерапевт Лаура Жексембаева адамдар «көріпкелдің» алдына өмірден соққы алып, өзегі талғанда, байлығынан айырылып, бақытын жоғалтқанда көп баратынын айтқан. Сондай-ақ ол ем іздеп, тәуіп аралап жүргендердің көбеюі тұрғындардың психологиялық тұрғыдан сауатсыз екенін көрсетеді дейді.
Ем іздеймін деп қалтадан қағылып жүрген жұрт балгерге барар алдында соқыр сенімнің жетегінде қалай кетіп қалғанын байқамай қалады. Ал елімізде дәл осылай көпті алдайтын көріпкелдерге тыйым салатын заң болмай тұр.