Halyq Uni логотип
×

«Алтын ордадағы» жанжал: Марқұмның ата-анасы ұлының өліміне дәрігерді кінәлап отыр

Асыраушысынан айрылған ананың арызын естіген ақ халаттылар 6 күнде жағдайы қанағаттандырарлық болған соң облыстық ауруханаға жөнелтуді жөн санадық деген жауап берді

 Қанат Атаманов 13.07.2022 | 00:30
«Алтын ордадағы» жанжал: Марқұмның ата-анасы ұлының өліміне дәрігерді кінәлап отыр
Фото: Almaty.tv

«Алтын орда» базарында ауыр соққы алып, 1 айдан кейін көз жұмған 23 жастағы Қайнар Біләлдің ата-анасы ұлының өліміне Талғар аудандық орталық ауруханасын кінәлап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Әлеуметтік желіге тарап, жалпақ жұрттың жағасын ұстатқан бейнежазбаны 14 маусым күні «Алтын орда» базарындағы куәгерлер түсіріп алған болатын. Онда ағатайлап жалынған жігіттің екі рет ауыр соққы алғаны анық көрінеді. Бірақ ол кезде Қайнар Біләл 500 мың теңгенің телефоны үшін бақилық боламын деп ойламаған да еді.

Көмектесетіндей ешкім ештеңе түсінбей қалды. «Ағатай, телефонымды бер» деп жалынып жатыр. Оның қолында пышақ болды ғой. Қыздар көмектесті, – дейді куәгер.

Басына тиген ауыр соққыдан ауруханада көз жұмған жас жігітті жақындары күні кеше ақтық сапарға аттандырды. Туыстары, әсіресе марқұмның жары Шынар Дәулетқызы кісі өліміне себепкер болған күдіктіге қатаң жаза қолдануды талап етіп отыр.

Қаскөйдің қолынан қаза болды деген Қайнар Біләлдің қарашаңырағы қаңырап тұр. Қора қопсысын қалаберді осы үйдің қара жұмысын арқалаған азаматтың артында анасы мен жары қалды. Марқұмның анасының айтуынша, 6 күн бойы ауруханада жатқан ұлына дер кезінде дұрыс ем жасалғанда тірі қалар еді.  Ол «Басындағы ұйыған қанды о баста алып тастауға болатын еді ғой» деп қынжылады. 

Талғардың дәрігерлеріне айтар шағымым бар. Баламды дұрыс қарамады. Есіктің алдындағы итіңді де сылап-сипайсыңдар ғой, сонда балам ит құрлы болмады ма? Әбден бес-алты күн болғаннан кейін өзге дәрігерге жіберген, – дейді марқұмның анасы Пәтігүл Мұзартбекқызы.

Асыраушысынан айрылған ананың арызын естіген ақ халаттылар 6 күнде жағдайы қанағаттандырарлық болған соң облыстық ауруханаға жөнелтуді жөн санадық деген жауап берді.

«Келген кезде жағдайы орташа ауыр болды. Сол жақ бет сүйектерінің сынуы диагнозымен жатқызылған. 14 маусымнан 20 маусымға дейін 6 күн осында травмотологияда жатып, жағдайы қанағаттандырарлық болғасын келісіліп, Облыстық ауруханада ота жасауға ауыстырылған», – деді Талғар аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі бойынша орынбасары Бақыт Жәмеков.

Біз бұған дейін «Алтын Орда» базарындағы төбелесте жарақат алған жігіт қайтыс болғанын жазған болатынбыз. Ауыр соққыға жығып өлтірді деп күдікке ілінген Жамбыл облысының 28 жастағы азаматы қамауға алынды. Алматы облыстық полиция департаментінің дерегінше, ол жедел іздестіру жұмыстарының нәтижесінде ұсталған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама