Halyq Uni логотип
×

Қазақстанның ірі құрылыс компаниялары пәтер бағасын 20%-ға көтерген

Келісілген іс-қимылдарға тартылған компаниялар тізімінде 15 ірі компания бар

 Қанат Атаманов 12.07.2022 | 23:00
Қазақстанның ірі құрылыс компаниялары пәтер бағасын 20%-ға көтерген
Фото: inform.kz

Бір компанияға қатысты тергеу жүріп жатыр, ал қалған 14-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, келісілген іс-қимылдарға тартылған компаниялар тізімінде 15 ірі компания бар. Бұл – Алматыдағы «Базис-А», Rams Qazaqstan, Bi Group, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Орда Строй Групп» ЖШС, Шымкенттегі «Отау Строй» ЖШС және «Достық Инвест групп» ЖШС. Сондай-ақ, Қарағанды, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарында да бірқатар ірі құрылыс компаниялар бар.

Агенттік нарықтың 15 субъектісінің іс-әрекетінде бәсекелестікті қорғау саласындағы ҚР Заңын бұзу белгілерін анықтады. Олар тұрғын үй нарығында бағаны белгілеу және (немесе) қолдау бөлігінде бәсекелестікке қарсы келісілген іс-әрекеттерден көрінеді. Бұл компаниялардың атына бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу белгілерін жою және бағаны төмендету қажеттілігі туралы хабарламалар жіберілді. Оның 14-і орындалды. Хабарламаның орындалмауына байланысты Нұр-сұлтан қаласынан келген «Орда Строй Групп» ЖШС-не қатысты жосықсыз бәсекелестік белгілері бойынша тергеу жүргізілуде, - делінген ведомство сайтындағы хабарламада.

Құрылыс салушылардың басым бөлігі агенттік тарапынан хабарланғаннан кейін тұрғын үй бағасын орта есеппен 15-20%-ға төмендеткен.

РАМС-Қазақстан компаниялар тобы Алматыдағы бірқатар тұрғын үй кешендерінің бағасын 15%-ға немесе шаршы метрі 90 мың теңгеге төмендетті. Шымкентте DOSTYK INVEST GROUP пен «Отау групп» 300-ден 270 мың теңгеге дейін төмендетті. Өскемендегі «Достар май» компаниясы тұрғын үйдің жайлылығы мен қабаттылығына байланысты шаршы метрді 350 мың теңгеден 220-280 мыңға дейін түсірді, - дейді тұрғын үй бағасының төмендеу мысалдарын келтірген агенттік.

Сот бағаны негізсіз өсірген құрылыс компанияларына 10 миллион теңгеден астам айыппұл салды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама