Halyq Uni логотип
×

Теңге әлі де әлсірейді: сарапшы доллар бағамына болжам жасады

12 шілдеде күндізгі сауда-саттық қорытындысы бойынша доллар бағамы 473,38 теңгені құрады

 Қанат Атаманов 12.07.2022 | 21:30
Теңге әлі де әлсірейді: сарапшы доллар бағамына болжам жасады
Фото: ашық дереккөздерден

Доллар күн өткен сайын қымбаттап барады. Тиісінше теңге құнсызданып жатыр. Ал инфляция шарықтап тұр. Ел ішінде ұлттық валютаның девальвациясы әлі жалғасады деген қауесет бар, деп хабарлайды Sputnik.kz.

Қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев 2022 жылғы республикалық бюджетте доллар бағамы 460 теңге болып бекітілгенін еске салды. Ал бюджет бәрін айқындайды. Яғни жыл соңына дейін доллар бағамы 450-470 теңге аралығында құбылуы мүмкін.

Сыртқы жағдай дәл қазіргі күйде болып, қандай да бір экономикалық күйзеліс, соққы жасалмаса, онда доллар бағамы осы деңгейде қалады. Себебі бюджеттік параметрлерде доллар бағамы 460 теңге деп бекітілген. Әрине, тура сол 460 теңгемен қатып қалмайды, +/-10 теңге айырмашылық болуы мүмкін. Бұл жалпы қалыпты жағдай, өйткені валюта құбылады. Біздің елімізде бекітілген бағам емес, еркін айналым ғой. Сондықтан +/-10 теңге шамасында ауытқып тұрады, - деді Арман Бейсембаев Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Сарапшы биыл доллар бағамы 500 теңгеге дейін барады деп ойламайды.

«Егер мұнай бағасы құлап, әлемде ауқымды дағдарыс басталып кетсе, әрине, теңге одан сайын құнсызданады. Бірақ, дәл қазіргі жағдайды ескере отырып, мен доллар бағамы 500 теңгеге жетеді деп санамаймын. Мен үшін базалық сценарий плюс/минус 460 теңге», - деп атап өтті маман.

Алайда, Арман Бейсембаев егер қазіргі экономикалық жүйе, ішкі экономикалық тетіктер өзгермесе, ерте ме, кеш пе, қазақстандықтар 1 долларды 800, тіпті 1000 теңгеге сатып алуы мүмкін екенін айтады. Ұлттық валютаның бұлай құнсыздануы тек уақыт еншісіндегі мәселе. Бұған жарты жыл немесе үш-төрт жыл кетуі мүмкін. Сол себепті теңгенің одан әрі әлсіреуіне жол бермеу үшін экономиканы өзгерту керек. Мәселен, соңғы он жылда теңге қалай өзгергеніне зер салсақ, 10 жыл бұрын доллар бағамы 150 теңге болса, қазір – 460-470 теңге. Міне, осыған қарап-ақ үш-төрт жылдан кейін доллар 800 теңгеге жететінін пайымдай беруге болады дейді сарапшы.

Экономист доллардың қазіргі бағамы инфляцияның жоғары деңгейіне сай келмейтінін мәлімдеді. Оның пікірінше, нарық реттелгенімен, доллар бағаны әлі де төмен.

«Қазақстанның экономикалық жағдайына сәйкес келмейді. Бәлкім, теңге күрт әлсіреп кетпес үшін Ұлттық банк қандай да бір шаралар қабылдап жатқан шығар. Қазір теңгеге әсер етіп жатқан негізгі фактор – рубль. Кросс-бағам үлкен, бұл экономика үшін жақсы нәрсе емес. Сол себепті әзірге бір нәрсе болжау қиын. Бірақ бізде ішкі инфляция өте жоғары. Ал бұл ерте ме, кеш пе, ұлттық валютаның девальвациясына әкеледі», - дейді сарапшы.

Біз бұған дейін Ұлттық банктің 8 шілдедегі ресми бағамы – 1 доллар үшін 477,24 теңге болғанын жазған болатынбыз

Серіктес жаңалықтары

Сараптама