Өңір халқы жылыту маусымына ертеден қамданды
Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары шілде айында жаппай көмір сатып алып жатыр. Себебі, өткен жылыту маусымында өңірде көмір тапшылығы болып, қараша айында халық көмір таппай қиналған еді. Сондықтан биыл тұрғындар жылыту маусымына ертеден қамданып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Шіліңгір шілденің ыстығында тұрғындар көмір кезегінде тұр. Қазір теміржол бойында жүк көліктерінен керуен тізілген. Тіпті, 5-6 сағат бойы кезегін күтіп тұрған азаматтар да бар.
«Күніне екі рейс қана жасап үлгеремін. Себебі мұнда ұзын-сонар кезек. Ал сұраныс күн санап артып барады. Былтыр күздің қара суығында, тіпті қыста көмір болмай, халық біраз қиындық көрді. Сондықтан биыл оның сапасына да қарап жатқан жоқ. Жаз басталғалы тапсырыс беріп жатыр. Бүгін мұнда таңғы 7-ден аса келдім. Түс болды, әлі шыға алмай тұрмын», - дейді жүргізуші Жақсылық Әлібаев.
Көмір кезегінде тек Петропавл қаласының тұрғындары ғана емес, олардың қатарында облыс орталығына шалғай аудандардан арнайы келгендер де бар.
«Мен мынау Астраханка деген ауылдан келдім. Көмір бар, тиеп алдық. Енді мынау таразыдан өте алмай тұрмыз. Өйткені осында істейтін жігіттер кезексіз өтіп жатыр. Таразыға үш қатар болып мініп жатыр. Халықтың бәрі ашулы. Бірдеңе десең, төбелесуге дейін барады. Өзім суымды алып келгенмін. Асықпай күтеміз енді. Басқа амалымыз жоқ», - дейді Астраханка ауылының тұрғыны Игілік Баймұратов.
Қазір қалада қатты отын сататын үш арнайы орын бар. Әсіресе, Шұбаркөл көміріне сұраныс артқан. Сондықтан күніне 150-200 көлікке дейін сатылады екен.
«Күніне шамамен тұрақты түрде 10 вагоннан келіп тұрады. Бірақ бүгін бесеуі жетті. Жолда тағы 19 вагон келе жатыр екен. Халық биыл ертерек алып жатыр. Ол бізге де жақсы. Себебі күзде дүрбелең болмайды. Былтыр жазда мұндай кезек болған жоқ. Көбі қар түскенде алатын еді», - дейді теміржол тұйығының басшысы Бақытжан Тұрмұханбетов.
Қазір Шұбаркөл көмірінің бір тоннасы 14 800 теңгеден сатылып жатыр. Былтыр да баға осылай болған. Бірақ әкімдіктегілер күзде көмір қымбаттайды деген болжам жасап отыр.
«Қала тұрғындары Шұбаркөл көмірін көп сұрайды. Бағасы әзірге қымбаттаған жоқ. Бірақ күзде баға өсуі мүмкін. Сондықтан қала тұрғындарына қысқы маусымға дайындықты қазірден бастауға кеңес береміз», - деді Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.
Петропавл қаласында 14 мыңнан астам үйде пеш жағылады. Оларға 70 000, ал облыс халқына шамамен 420 мың тонна көмір қажет.