Halyq Uni логотип
×

Ақтөбеде 16 жастағы қыз жігітімен бірге өз анасын өлтірген

Қызы анасына көмек көрсетудің орнына, «бала күнінде көрген қорлығы үшін» оны тағы бірнеше жерінен пышақтаған

 Еркеғали Болатұлы 12.07.2022 | 16:02
Ақтөбеде 16 жастағы қыз жігітімен бірге өз анасын өлтірген
фото: ашық дереккөз

Ақтөбеде өз анасын өлтірді деген күдікпен қамауға алынған 16 жастағы оқушының соты басталды. Аталған іске оқушы қыздың 18 жастағы жігітінің қатысы болу мүмкін деген күдік бар.

Қанды қылмыс сәуірде болған. Тергеу мәліметі бойынша, екі күдікті 40 жастағы әйелді өлтіріп, денесін балконға тығып қойған. Тек төртінші күн өткенде ғана жігіт қылмыс жасағанын ағасына айтқан. Туысы дереу полицияға баруға кеңес беріпті. Жас жігіт кінәні өз мойнына алып отыр. Айтуынша, 16 жастағы мектеп оқушысы да анасының бірнеше жеріне пышақ тыққан көрінеді.

Бойжеткеннің ешқандай туысы жоқ, әкесіз өскен. Жігіттің айтуынша, оқушы қыз бен мас анасының арасында жанжал туындаған. Сол кезде жігіт қолындағы пышақпен әйелді қалай 4 жерінен жарақаттағанын түсінбей қалған. Өзі адам өлтіргісі келмегенін айтады. Ал қызы анасына көмек көрсетудің орнына, «бала күнінде көрген қорлығы үшін» оны тағы бірнеше жерінен пышақтаған.

Өздерінің аса ауыр қылмыс жасағанын түсінген олар сәуірдің 14 мен 19 аралағында мәйітті балконда жасырып келген. Жағымсыз иіс шықпау үшін мәйітті сірке суы және содамен жуған, – деді мемлекеттік айыптаушы Мадина Тасмағамбетова.

Осы күндер аралығында мәйіт балконда жатқан, ал жастар көңілдерін басқа жаққа аудару үшін дәл сол пәтерде кино көрген. Жігіт әйелді бір өзі өлтіргенін айтады, ал қыз жазаны жеңілдету үшін кінәні өз мойнына алмақ.

Марқұм сауыншы болып жұмыс істеген екен. Қызын бір өзі тәрбиелеп келген.

Кінәлары дәлелденсе, жігіт пен қыз 20 жылға дейін бас бостандықтарынан айрылуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама