×

Мұхтар Шахановты жерлестері ақбоз атқа мінгізді

Ақынға Отырар ауданында сый-сияпат көрсетілді

 Дастан Жұмабекұлы 12.07.2022 | 14:53
фото: facebook.com-дағы видеодан кадр

Өткен аптада қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов 80 жасқа толды. Осыған орай ақынның сексен жылдық мерейтойы өзінің туған өңірі Отырар ауданында одан әрі жалғасып жатыр.

Бүгін журналист Уәли Қыдырдың Facebook-тегі парақшасында жерлестерінің Мұхтар Шахановты үлкен құрметпен қарсы алып, ақбоз ат мінгізіп жатқан видеосы жарияланды.

Мұхтар Шаханов 1942 жылдың 2 шілдесінде қазіргі Түркістан облысы Төле би ауданы Қасқасу ауылында туған. Ол тәуелсіздік жылдарында қазақ тілінің жанашыры болып, Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы елшісі қызметін атқарды.

Сонымен бірге ұзақ жылдар бойы «Жалын» журналын басқарды.

Биыл оның әдебиетке, ұлт руханиятына, түркі ынтымағына сіңірген еңбегі ескеріліп, Ұлытау төрінде өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Қазақстанның Еңбек Ері атағы берілді. Бұл атақты оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырды.

Ақынның өмірбаянына келсек, ол 1969 жылы Шымкент педагогикалық институтын бітірген.

1960-65 жылдары «Оңтүстік Қазақстан» газетінде, 1965-70 жылдары «Лениншіл жас» басылымында, 1971-75 жылдары республикалық телевизия, радио редакцияларда жұмыс істеді.

1976 жылдан Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі мемлекеттік комитетінде бөлім бастығы болды.

1984 жылы – «Жалын» альманағының бас редакторы, одан кейін 1986 жылы «Жалын» журналына бас редакторы болып орналасты.

1993-2003 жылдары Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы елшісі қызметін атқарды.

2004-2007 жылдары Парламенті Мәжілісінің депутаты болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама