«Қазфосфатты көшіру керек». Тараз тұрғындары қауіп жоқтығына сенбейді
«Қазфосфат» ЖШС бас экологы Арман Қарағалиев ауаның ластанғанын жоққа шығармады
Тараз тұрғындары дүйсенбі күні кешке әлеуметтік желілерде тұман басқан қаланың видеоларын бөлісті. Қаланы торлаған түтіннен жұрт жөтеліп, аузын қолмен қымтай қашып жатты.
Кейін белгілі болғандай, түтін қала шетінде орналасқан «ҚазФосфат» минералды тыңайтқыштар зауытынан шыққан. Қышқыл иіске тұншыққан халық үрейленіп, жаппай есік-терезесін қымтап алды. Саябақ пен мейрамханадағы жұрт жапа-тармағай үйіне үрейлене қашқан. Көп ұзамай Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері дүрліккен жұртқа басу айтып, «күкірт қышқылы цехында тазартудың екінші сатысы істен шыққан болуы мүмкін» деген хабарлама таратты.
Ал, кеше кешкі серуен кезінде бейқам жүрген тұрғындар әбден шошынып қалғанын айтады.
«Кеше кешке дүкен аралап жүрдім. Дүкеннен шықсам, дала сұп-сұр. Алғашында түсінбедім. Кейіннен бір жағымсыз иісті сездім. Тамағым қышып, көзім аши бастады. Мен мұны басында ауада таралаған «у» деп ойладым. Себебі бірден тамағым тұтыға бастады. Содан қайта дүкеннің ішіне кіре бастадық. «Уланып қаламыз» деп ойладық. Дүкеннің ішінде жарты сағаттай тұрған соң, бізді ол жерден қуа бастады. Енді дүкен иесін де түсінуге болады. Олар да жабылуы керек. Біз үшін тұрмайды ғой. Бақытама орай, сөмкемнен бетперде тауып алдым. Соны киіп, мұрнымды тұмшалап, үйге әрең жеттім», - дейді қала тұрғыны Гүлнәр Тлепова.
Дильбар Орынбаева есімді тұрғын балалары үшін алаңдағанын жасырмады.
Құдай сақтасын! Құдды бір қорқынышты кинодағыдай болды. Орталық саябақта жүргенбіз. Кейін қара тұманды көргенде, жан-жаққа қаша бастадық. Балаларымыз үшін алаңдадық. Тамағымызда ащы қыжыл болды. Алғашында бір жер өртеніп жатыр деп ойладық. Бірақ олай емес екен. Үйге асықтық. Келе сала, тамағымызды, үсті-басымызды шайып, есімізді әрең жидық, - дейді Дильбар Орынбаева.
Ал, тағы бір қала тұрғыны мұндай жағдайдың жиі болатынын айтып, Қазфосфат зауытын қала шетіне көшіру керек екенін талап етті. Олардың айтуынша, бұл жағдай бұған дейін де қайталанған. Сол себепті зауытты адамдар тұратын аймақтан алыс жерге көшіру қажет. Ал қазір зауыт қаланың дәл ортасында тұр.
«Бұл - ҚазФосфат түтіні ғой. Осы зауыт онсыз да ауасы лас қаланы одан әрі ластап бітетін болды. Өткенде де қаланы қара тұман басты емес пе? Неге биліктегілер осы зауыттың түтінін тексермейді? Жасымыз келіп емес, улы ауадан өлетін шығармыз?! Менің ойымша, бұл зауытты қаланың адам тұрмайтын аймағына көшіріп тастау керек. Қазір «мені көрдің бе?» дегендей қаланың қақ ортасында тұр. Бюджетке ақша түсіреді екен деп, адамдардың өмірімен ойнауға бола ма?», – деді ол.
Ал, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Рүстем Дәулет кеше болған оқиғадан ешкім зардап шекпегенін айтып, тұрғындар үшін алаңдауға негіз жоқ деп сендірді. Құрамында экологтар, ТЖД мамандары және басқа да жауапты тұлғалар бар арнайы жұмыс тобы құрылып, ауадан сынамалар алынғанын айтты.
«Кеше түнде шамамен 20:00-де «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі минералды тыңайтқыштар зауытында қысқа мерзімді түтінді шығарылым болды. Бұл бойынша облыс әкімінің тапсырмасымен шұғыл түрде экологтар, төтенше жағдай департаменті мамандары және басқа да жауапты тұлғалардың қатысуымен арнайы жұмыстар орындалды. Жамбыл облысы әкімдігінің экология департаменті Тараз қаласындағы Сүлейменов көшесінде шекті рұқсат етілген консентрация бойынша өлшеу жүргізді. Нәтижесінде аммияк пен күкірт сутегі бойынша шекті рұқсат етілген консентрация мөлшерінен аспағандығы анықталды. Фтор қосылыстарының аздап жоғарылағаны байқалады. Сондай-ақ, Жамбыл ауданы Шайқорық ауылында да зерделеу жүргізілді. Шекті артуы анықталған жоқ. Тараз қаласы тұрғындарына ешқандай қауіп жоқ. Қазіргі уақытта түтін басылған», - деді ол.
«Қазфосфат» ЖШС бас экологы Арман Қарағалиев ауаның ластанғанын жоққа шығармады. Оның сөзінше, қаладағы жағдайға техникалық ақау себеп болған. Содан кейін зауыттың жұмысы шұғыл тоқталған.
«Кеше біздің зауытта оқыс оқиға болып, цехтың насосы істен шықты. Біз шұғыл түрде цехтың жұмысын тоқтаттық. 15 минуттың ішінде зиянды заттар құбырдан аспанға ұшты. Осы мәселе бойынша арнайы топ құрылды. Тиісті міндеттер қойылды. Ауаны зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Күкірт оксидтері аспанға ұшқанын анықтадық. Бірақ шектен тыс бөлінбеген. Кеше уланатындай жағдай болған жоқ. Ауаның ластанғаны рас. Алайда, оның құрамында фтор болған жоқ. Ондай жалған мәлімет қайдан шыққанын білмейміз. Фтордың шығуы мүмкін емес. Қазіргі таңда жұмысын тоқтатқан цех қайта штаттық режимде жұмысын бастады», - деді компанияның өкілі.