Halyq Uni логотип
×

Ұлттық ұланда соңғы бес жылда 24 әскери қызметші суицид жасады

Сарбаздар өлімінің нақты себебі белгісіз

 Ая Өміртай 12.07.2022 | 12:21
Ұлттық ұланда соңғы бес жылда 24 әскери қызметші суицид жасады
Коллаж: Halyq Uni

Қазақстанда әскер қатарында жүріп қайтыс болған сарбаздардың ортақ саны әлі күнге дейін айтылмай келеді. Halyq Uni тілшісі әскери құрылымдарға соңғы бес жылда өзіне қол жұмсап қайтыс болған сарбаздар санын сұрап, әр ведомствоға жеке сұрау жіберді.

24 ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІ ӨЗІНЕ ҚОЛ ЖҰМСАП ҚАЙТЫС БОЛҒАН

Редакция сұрауына әскери борышын өтеу кезінде қайтыс болған сарбаздардың санын Ұлттық ұлан былай көрсетті:

Соңғы бес жылда Ұлттық ұланда барлығы 75 әскери қызметші қайтыс болды. Оның ішінде 9-ы әскери борышын өтеу кезінде қайтыс болса, 24-і өзіне қол жұмсады. Өзіне қол жұмсағандардың 17-і келісімшарт бойынша әскери қызметші, жетеуі сарбаз, - делінген ресми жауапта.

Ұлттық ұлан қайтыс болған сарбаздардың жалпы санын көрсеткенімен, олардың қайтыс болуының нақты себебін айтпады. Ведомствоның баспасөз қызметі берген жауапта гвардия сарбаздар арасындағы өлімді әлімжеттікпен байланыстырмайтыны, сарбаздардың денесі күнделікті тексеріліп отыратыны айтылған.

«Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінде әскери сарбаздар арасында әлімжеттік мәселесі жоқ. Профилактикалық жұмыстармен Ұлттық ұланның әскери басқару органдары мен әскери полициясының барлық лауазымды адамдары айналысады. Әскери бөлімдерде әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жеке құрам арасында қаза табу мен жарақаттанудың алдын алу жөніндегі комиссия жұмысын ұйымдастырады және жүргізеді. Күн сайын әскерге шақыру бойынша әскери қызметшілердің денесін қарап-тексеру жүргізіледі», - делінген жауапта.

ӘСКЕРИЛЕР АРАСЫНДА ӨЛІМ ТОҚТАМАЙ ТҰР

Сондай-ақ, Ұлттық ұлан бөлімшелері мен әскери бөлімдерінің әскери қалашықтары бейнебақылаумен толық жарақтандырылғанын, әскерилер арасында психолог мамандарының жұмысы ұйымдастырылып жатқанын хабарлады. Ал күш құрылымдары әскерилер арасындағы құқық бұзудың алдын алуға бағытталған бағдарламаларды іске қосқанымен, әскерилер арасында өлім-жітім тоқтамай келеді.

Мәселен, 2021 жылы мамырда Өскеменде Ұлттық ұланда келісімшарт бойынша қызмет атқарған әскери қызметкер өз-өзіне қол жұмсады. Дәл сол сияқты 2021 жылы Теміртау қаласындағы 5516 әскери бөлімінде әскер қатарына шақырылған сарбаз өзіне қол жұмсап қайтыс болды деген хабар тарады. Марқұм болған 20 жастағы сарбаздың анасы ұлының өз-өзіне қол жұмсағанына сенбейтіндігін айтқан. Туыстары жас сарбаздың бұған дейін ай сайын берілетін 3700 теңге төлемақыны ала алмай келгенін мәлімдеді.

Сонымен бірге Ұлттық ұлан қаңтар оқиғасы кезінде әскери бөлімнің екі сарбазы, атап айтқанда Мадияр Қайсаров пен Айбат Амановтың қаза тапқанын растады. 19 жастағы Сарбаз Айбат Аманов 5 қаңтарда Талдықорғанның орталық алаңында қызметтік-жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезінде қаза тапқан болатын. Аталған фактіге сәйкес, ҚР ҚК-нің 99-бабы, 2-бөлігі, 7, 9, 15-тармақтары, яғни «Адам өлтіру» бойынша қылмыстық тергеу ісі жүргізіліп жатыр.

Ресми статистикаға жүгінсек, 2019 жылы Ұлттық ұлан қатарындағы 8 әскери қызметші, 2020 жылы екі сарбаз, 2021 жылы тағы екі сарбаз қайтыс болған. Бейбіт күнде марқұм болған сарбаздардың туыстары тергеу жұмыстарының әділ жүргізіліп, шындықтың ашылғанын сұрайды.

Halyq Uni тілшісі әскери құралымдарға соңғы бес жылда өзіне қол жұмсап қайтыс болған сарбаздар санын сұрап, әр ведомствоға жеке сұрау жібергенімен, жауап алу мүмкін болмады. Күш құрылымдары қайтыс болған сарбаздардың санын көрсетпей, «қол жетуі шектелген ақпаратқа» жатқызды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама