Жол жөндеу жұмыстарының сапасына міндетті сараптама жүргізіледі
Жолдардың сапасы бойынша әкімдіктер рейтингінің әдістемесі биылғы жылдың соңына дейін бекітілмек. Бұл туралы ИИДМ-нің баспасөз қызметі хабарлады.
Автомобиль жолдарының сапасын арттыруға байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бірқатар кешенді шараларды даярлады. Саладағы бақылауды күшейту мақсатында қолға алынған жұмыстар ішінде профильдік нормативтік актілердің маңызын жетілдіруге де жете назар аударылып отыр.
Атап айтқанда, көлік саласына қатысты жаңа заң жобасы даярланды. Ол «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК арқылы елді мекендердегі жол жөндеу жұмыстарына міндетті сараптама жүргізуді қарастырады. Ұлттық сапа орталығы сараптама барысында жөндеу жұмыстарының тиісті нормаларға сәйкестігіне байланысты қорытынды шығарады.
Осы орайда бүгінде жолды пайдалануға бергеннен кейін техникалық қадағалау мен жобаны жүзеге асырған мекемелер жөндеу жұмыстары барысындағы қате шешімдер мен ақаулар үшін жауапкершілікке тартылмайтынын айта кеткен жөн. Осы олқылықтың алдын алу мақсатындағы заң жобасы қазіргі күнде Парламент мәжілісінде қаралып жатыр.
Сондай-ақ министрлік автомобиль жолдары саласындағы 1200-ге жуық нормативтік-құқықтық актілердің маңызын арттыруды қолға алып отыр. Олар мекеменің атқаратын жұмысын реттеп, бақылау сапасын күшейтеді. Аталған құжаттарға жол жөндеу жұмыстарына халықаралық тәжірибе мен технологияларды және заманауи материалдарды қолдану сынды бірқатар өзгерістер енгізу қарастырылып отыр.
Қосымша ынталандыру шарасы ретінде ИИДМ жолдардың сапасына байланысты әкімдердің рейтингін анықтау әдістемесін даярлады. Ол 2022 жылдың аяғына дейін бекітілмек.
Айта кетсек, Қазақстандағы ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 157 мың шақырымды құрайды. Оның ішінде 25 мың шақырым республикалық маңызы бар жол желісі болса, 71 мың шақырым жергілікті маңызы бар жолдар санатына кіреді. Ал елді мекендердегі жолдардың ұзындығы 61 мың шақырым.
Қазіргі қолданыстағы заңға орай республикалық маңызы бар жолдарға Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен «ҚазақАвтоЖол» ҰК» АҚ тікелей жауапты. Ал жергілікті маңызы бар жолдар мен елді мекен арасындағы жолдар жергілікті атқарушы органдардың құзіретінде.