«Қазфосфат» зауытындағы апат: Экология министрлігі түсінік берді
Бүгінде жұмыс тобы құрылып, табиғатқа келген зиян мөлшері анықталып жатыр
Тараздағы минералды тыңайтқыштар өндіретін «Қазфосфат» зауытында апат болды, деп хабарлайды Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.
Ведомство мәліметінше, 11 шілдеде кешкі сағат 20:30-да «Қазфосфат» ЖШС-інде апат тіркелді.
Фторлы сутек 2-3 есе артты. Аммиактың, күкіртсутектің, көмірқышқыл газының артуы анықталған жоқ, - деп жазылған хабарламада.
Өңірдегі экология департаментінің қызметкерлері қала прокуратурасымен бірлесіп, дереу зиянды қалдықтарды өлшеуге кірісті.
«Топ қала шетіндегі Шайқұйрыққа барды. Өйткені қалдықтар сол жаққа қарай тараған. Онда барлық параметр бойынша қалдықтардың шектен асып кету дерегі анықталмады. Бұл жағдай топтың бақылауында. Жүргізілген жұмыстың нәтижесі қосымша хабарланады», - деп жазылған хабарламада.
Жамбыл облысының әкімдігі де апат болғанын растап отыр.
«Қазфосфат» ЖШС минералды тыңайтқыштар зауытында бір реттік шығарылым болды. Алдын ала талдау нәтижелері бойынша фторлы қосылыстар бойынша аздаған ұлғаю бар. Қазіргі уақытта қаланың минералды тыңайтқыштар зауытымен шекаралас бөлігінде азот және басқа да заттардың шектен тыс тарауы анықталған жоқ, - деп жазылған хабарламада.
Бүгінде облыс әкімінің тапсырмасы бойынша құрамында экологтар, ТЖД мамандары және басқа да жауапты тұлғалар бар жұмыс тобы құрылды. Оны Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Рүстем Дәулет басқарады.