×

Ақтөбеде қанттың орнына тары сатылып, Ресейден әкеле жатқаны қоқысқа тасталған

Үй жанындағы шағын дүкендерде қанттың бағасы 750 теңгеден жоғары

 Еркеғали Болатұлы 12.07.2022 | 09:55
фото: видеодан скриншот

Ақтөбеде қала тұрғыны қант деп сатып алған 2 қаптың ішінен тары шықты. Алданғанын ол үйіне келгенде бір-ақ білген. Ал қантты Ресейден әкелмек болғандар оны шекарада жерге төгіп жатыр. Себебі кеден қызметі өткізбейді.

Желіге жарияланған видеода ақтөбелік тұрғын дүкеннен қапшықтап қант алғанын айтады. Қолында 50 келі тарысы бар тұрғын енді алдандағанын қалай дәлелдейтінін білмей дал. Себебі «қант» сатып алғанын растайтын түбіртекті сақтамаған. Ал Станислав есімді азамат Ресейден жүк тасиды. Ол апта бұрын Екатеринбург қаласында үйіне 5 келі қант сатып алған. Бағасы 67 рубль, біздің ақшамен 514 теңге. Алайда шекараға келгенде тауарды тастап кетуге мәжбүр болған.

Орск шекарасында ресейлік кеденшілер қантты ел аумағынан шығаруға тыйым салынғанын айтып, оны төк деді. Амал жоқ, қоқыс жәшігіне тастап кеттім. Бұрын 5 келі қантты өткізуге рұқсат беретін еді, қазір мүлдем өткізбейді. Бұл дұрыс емес деп санаймын. Себебі қантты сату үшін әкеле жатсам бір сәрі, олай емес қой, - дейді «Астана» телеарнасына сұхбат берген ол.

Жалпы, Ақтөбедегі супермаркеттерде қанттың бір келісі 441-489 теңге аралығында сатылып жатыр. Бірақ бір адамға 3 келіден артық берілмейді. Оның өзін түске дейін алып үлгеру керек. Түстен кейін сөрелер босап қалады. Ал үй жанындағы шағын дүкендерде қанттың бағасы 750 теңгеден жоғары. Билік өкілдері болса, қалаға вагон-вагон қант әкелініп жатыр деуден бір тынбайды.

«Өңірге өткен айда 60 вагондай қант келді. Ол 4 мың тоннадан асады. Осы айға ірі сауда желілері 30 вагонға конртактқа қол қойып, өткен аптаның басынан бастап 10 вагон қант жіберілді. Үшеуі келді, жетеуі жолда келе жатыр. Сонымен қатар, тұрақтандыру қорында 70 тоннаға жуық қант бар. Ол әлеуметтік дүкенде, коммуналдық базарда төмендетілген бағамен 363 теңгеден сатылып жатыр», - дейді Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама