×

СҚО-да бір жарым жыл тергеу абақтысында отырған «қылмыстық топ» мүшелері бостандыққа шықты

Судья бір айыпталушыны екі жылға бас бостандығынан шектесе, қалған үшеуін амнистиямен босатты

 Самат Жақып 11.07.2022 | 18:33
фото: Halyq Uni

Солтүстік Қазақстан облысында екі жыл бойы шет елдерден Ресей арқылы заңсыз көлік тасыған деген айып тағылған «қылмыстық топ мүшелеріне» қатысты сот үкімі шықты. Трансұлттық қылмыстық топ жазадан жеңіл құтылып кетті. Прокурорлар оларды 25 жылғы дейін бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Алайда судья оларды босату жөн санады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Бұл оқиға 2019 жылы басталған еді. Қылмыстық топ Жапонияда шыққан қымбат көліктерді Ресей арқылы Қазақстанға бөлшек ретінде кіргізіп, кейін жинап, Ресейдің мемлекеттік нөмірімен сатып келген. Көліктердің бағасы нарықтағыдан әлдеқайда төмен болған соң, тұрғындар тарапынан сұраныс та жоғары болған. Осылайша, екі жылдай уақыт ішінде аталған топ Қазақстанға 1500-ге жуық көлік кіргізген. Облыстық экономикалық тергеу департаменті топ мүшелерін былтырғы жылдың наурыз айында ұстаған болатын. Сол кезде қала шетіндегі қоймалардың бірінен 60 көлік табылған. Тергеу жұмыстары бір жыл бойы жалғасты. Алайда, сот олардың ісінде экономикалық қылмысты байқамаса керек. Судья бір айыпталушыны екі жылға бас бостандығынан шектесе, қалған үшеуін амнистиямен босатты.

Сот бізді ақтады. Қуанышымызда шек жоқ. Әділеттілік орнады деген осы. Біз бір жыл бес ай қамауда негізсіз отырдық. Енді біз де сотқа жүгінеміз деген ойдамын, - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Николай Дыбец.

Тергеу амалдары кезінде экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері көліктерді қарапайым халықтан жаппай тәркілеген болатын. Осылайша, жүздеген азамат барынан айырылып қала жаздады. Бүгін сот көліктердің бәрін иелеріне қайтарып беруді тапсырды.

Айыпталушылар бір жарым жылға жуық уақыт тергеу абақтысында отырып шықты. Олардың айтуынша, негізсіз жала жапқан кісілер құқық қорғау органдарында жұмыс істемеуге тиіс.

«Трансұлттық ұйымдасқан топты ұйымдастыру және оған қатысу, ірі мөлшерде контрабанда және заңсыз алынған ақша қаражатын заңдастыру. Міне, бұлар ауыр және аса ауыр қылмыстар. Мұны тергеуде дәлелдей алмады», - дейді адовкат Татьяна Петрова.

Прокурорлар бастапқыда қылмыстық топ мүшелерін 19-25 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Бірақ сот олардың ешбір талабын қанағаттандырмады. Сот залынан асығыс шыққан прокурорлар аталған оқиғаға қатысты сұқбат беруден бас тартты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама