×

Тәрбиешілер мерейтойға кеткен: Жамбылдағы балабақшада екі жасар қызды қатарласы 19 жерден тістелеп тастаған

Мемлекеттік балабақша басшысының күйеуі мекемеде күзетші болып істейді екен

 Ұлдана Жұбай 11.07.2022 | 18:18
фото: Halyq Uni

«Балабақшаға берген қызымызды ит талағандай тістелеп тастады». Осылай деген жамбылдық ата-ана «сау баламыз сал болып қала жаздады» деп, балабақша әкімшілігін кінәлап отыр. Сөздерінше, екі жасар Еркеназды топтағы қатарласы 19 жерден тістелеп тастаған.

Оқиға Талас ауданы, Ақкөл ауылындағы мемлекеттік «Қарлығаш» балабақшасында болған. Еркеназ есімді бүлдіршінді ата-анасы әдеттегідей таңда балабақшаға әкеліп тастайды. Түс кезінде бүлдіршіннің топтасы оны басынан бастап бақайшағына дейін тістелеп тастаған. Алайда, бұл жағдайды тәрбиеші де, оның көмекшісі де бірден байқамаған. Бүлдіршіннің ата-анасы сол уақытта тәрбиешілер той тойлап кеткендіктен, Еркеназдың шыңғырып жылағанын естімегенін айтады. «Баламыз аңға емес, адамға таланды» деген олар қыздарын қараусыз қалдырған тәрбиешілерді қатаң жазаға тарту керектігін талап етіп отыр.

«Қарап тұрып немеремнен айырылып қала жаздадым. Бұл оқиға - бақша басшылығының жұмысына деген салғырттығын көрсетеді. Сол күні балабақшадағы бір тәрбиешінің 50 жас тойы болған. Соны желеулетіп, барлық тәрбиеші, көмекші сұранып кеткен. Сонда балалар қараусыз қалып отыр ғой. Бұл не деген масқара? Ал, немерем өліп кетсе ше? Кім жауап береді? Немеремнің денесін көрсеңіз, шошисыз! Ит талаған сияқты. Тіпті бір саусағын түгелдей шайнап тастаған. Басы, беті, саны, қолы - тістелмеген жері жоқ. 19 жерінен «таланған», - дейді бүлдіршіннің атасы Байқадам Битөреев.

Ал, мекеме күзетшісі жауап алуға келген тілшілерді 90 бала тәрбиеленетін мемлекеттік балабақша маңына жолатпады. Сөйтсек, есіктен енгізбеген азамат бақша басшысының қарауыл қылып қызметке алған өз жұбайы екен. «Балаларға араша түсуге асықпады» деген жақындары балабақша басшысын отбасымен бірге қызметінен біржолата қуылғанын қалайды.

«Бұл не деген бассыздық? Байы қарауыл, өзі бастық. Сонда бұл балабақша өздерінің әкесінен қалған мүлік пе? Мұндайлардың көзін құрту керек. Еркеназымыз әбден шошынып қалған. Тілі шықпаған бала ғой. Қорыққаннан бетін жаба береді. Түнімен ұйықтай алмайды, шошына береді. Баламның тыныш ұйқысын бұзғандар жауап берсін! Жазаға тартылсын!», - дейді әжесі Науат Дүкенбайқызы.

Ал, балабақша меңгерушісі 3 жастағы тістеген бала бұған дейін де басқа баланы тістегенін жоққа шығармады. Артық ауытқуы жоқ, дегенмен денесінде «грыжасы» болғандықтан ауырсынып, агрессияға берулі мүмкін деп болжайды. Балабақшада бейнебақылау жүйесі осы оқиғадан кейін ғана орнатылған. Әзірге оқыс жағдайдың қалай болғаны белгісіз. Оқиға тәрбиеші түс кезінде әжетханаға асыққанда болған, дейді меңгеруші.

«Топ тәрбиешісі маған жолықты. «Балалардың ұйықтап жатқанын көрдім. Ұйықтап жатыр ғой, үлегерейін деп әжетханаға жүгіріп барып келдім», деді. Бұндай жағдай екінші рет болып отыр. Тістеген баланың ата-анасына баласын емдету керегін ескерткенбіз. Олар да қарсылық танытпай, келісімін беріп кеткен. Себебі ауруы асқынғандықтан, кіші дәретке де, үлкен дәретке де барғанда қатты мазасызданады», - дейді балабақша меңгерушісі Балауса Әлімханқызы.

Ал, Талас аудандық білім бөлімінің басшысы мұндай жағдай екінші рет болып отырғандықтан, тиісті шаралар қолданылатынын жеткізді.

Балабақшаның медицина саласындағы, одан кейін тәрбиешісі, мекеме басшысына тиісті шара қолданылады. Ал, мекеме басшысына біз білім бөлімінің тарапынан қатаң шара қолданамыз, - деді Талас аудандық білім бөлімінің басшысы Мақсат Арапұлы.

Қазір екі жасар Еркеназды ата-анасы емдету үшін Нұр-Сұлтан қаласына алып кеткен. Олар баласы сауығып кетсе де, енді оны балабақшаға бергісі келмей отыр. Ал, Талас аудандық білім бөлімі болған оқиға бойынша тексеру әлі жалғасатынын айтады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама