Астанада мұқтаж отбасыларға ет таратылып жатыр
Тұрмысы нашар адамдарға көмек берілді
Құрбан айт мерекесі күні астаналық еріктілер тұрмысы нашар отбасылар мен мұқтаж жандарға ет таратты.
Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Құрбан айт мерекесіне орай Нұр-Сұлтан қаласының белсенді жастары, қала тұрғындары, аудандық әкімдіктердің, қала әкімдігі басқармаларының өкілдері біріге отырып, үш күн бойы мұқтаж азаматтарға ет таратуды ұйымдастырып жатырмыз. Бүгінгі іс-шараға волонтерлер мен автоволонтерлер қатысып отыр. Олардың жалпы саны 500-ден асады. Бұл іс-шара әкімдіктің қолдауымен соңғы бес жылда тұрақты түрде жүзеге асырылып келе жатыр, – деді «Жастар саясаты мәселелері басқармасы» ММ бөлім басшысы. Аян Ерментаев.
Оның басты мақсаты – қасиетті мерекеде мұсылмандық парызды орындау, мұқтаж жандарға көмектесу. Аталған игі істің басы-қасында жүрген еріктінің бірі – Дамир Айтымовтың айтуынша, Құрбан айт мерекесіне орайластырылып өткізіп жатқан іс-шараның сауабы мол. Құрбандыққа шалған мал етінің бір бөлігін әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен мұқтаж жандарға таратылып жатыр.
Еріктілер бұған дейін де мерекелерде мұқтаж отбасыларға азық-түлікті таратып, сауапты іске мұрындық болған.