Интернет-алаяқтықпен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

Динара Амантай

Келтірілген шығын 106 миллион теңгеден асты

Фото: Halyq Uni

Полиция қызметкерлері интернет арқылы бірнеше алаяқтық жасаған 15 адамнан тұратын қылмыстық топты ұстады. Олар – Қазақстан мен Ресей азаматтары. Бұл туралы ІІМ-нің ақпараттық сайты хабарлады.

Ведомство мәліметінше, 13-22 маусым аралығында өз пәтерін сатқан Алматы тұрғыны алаяқтардың арбауына түсіп қалған. Ол бірнеше траншпен сатылымнан түскен 23 миллион теңгені алаяқтардың шоттарына аударған. Алданып қалғанын түсінген жәбірленуші 24 маусымда құқық қорғау органдарына жүгінген.

Аталған фактіге байланысты Алматы қаласы Алмалы ауданының ПБ Қазақстан Республикасы ҚК 190-бабының 4-бөлігінде (Аса ірі мөлшердегі алаяқтық) көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамының белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады. Жедел-іздестіру және тергеу іс-шаралары барысында алаяқтық әрекеттерде Қазақстанның әртүрлі қалаларында тұратын жалған тұлғаларға ресімделген 10-ға жуық банк карталары пайдаланылғаны анықталды.

Қазақстан Республикасы ІІМ киберқылмыспен күрес бөлімшесінің жедел уәкілдері Павлодар облысы және Алматыдағы әріптестерімен бірге Қазақстан мен Ресей азаматтары болып табылатын 15 адамнан тұратын қылмыстық топты ұстады. Олар интернет арқылы алаяқтық жасады деген күдікке ілінген. Бес қатысушыға қатысты “қамауға алу” бұлтартпау шарасы таңдалды. Қазіргі уақытта топ қатысушыларының интернет-алаяқтықтың алты эпизодына ықтимал қатыстылығы анықталды, келтірілген шығын 106 миллион теңгеден асты, – делінген хабарламада.

Полиция өкілдерінің айтуынша, әдетте мұндай қылмыстарды жасауда үшінші тұлғаларға ресімделген банктік шоттар мен карталар қолданылады, қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру үшін «жалған» адамдар қолданылады. Қоңыраулар үшін алаяқтар абоненттік нөмірлерді ауыстыру бойынша бағдарламаларды пайдаланады. Бұл әрекеттердің барлығы ықтимал құрбандардың банктік карталары мен депозиттеріне қол жеткізуге, одан әрі олардан ақша аударуға немесе несие алуға бағытталған.