Halyq Uni логотип
×

«Журналист шақырамыз» десек қана жұмыс жүреді». Петропавл әкімдігінде пәрмен бар да, дәрмен жоқ

СҚО-да мемлекеттік бағдарлама аясында салынған үйлер уақытында тапсырылмай отыр

 Самат Жақып 11.07.2022 | 17:03
«Журналист шақырамыз» десек қана жұмыс жүреді». Петропавл әкімдігінде пәрмен бар да, дәрмен жоқ
фотолар: Halyq Uni

Солтүстік Қазақстан облысында «Нұрлы Жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлер уақытылы тапсырылмай жатыр. Қазіргі таңда Петропавлда дәл осындай бес тұрғын үй бар. Олар бой көтерген. Алайда жылу, жарық, су жоқ. Әкімдікке сан мәрте хат жазған тұрғындар құрғақ уәдеден шаршағанын айтады. Ал баспаналардың мерзімінде берілуін қадағалайтын құрылыс бөлімінде пәрмен болғанмен, дәрмен болмай тұр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Петропавл қаласының кіре берісі - «Жас Өркен» шағын ауданы деп өзгертілген. Бұрындары бұл толығымен жеке сектор болатын. Соңғы 6-7 жылда мұндағы жер үйлер жаппай сүріліп, орнына оқушылар сарайы, теннис орталығы, спорт сарайы сынды әлеуметтік нысандар бой көтерді. Қазіргі таңда емхана, қазақ театры және бұдан бөлек тағы бірнеше баспананың құрылысы жүріп жатыр. Солардың бірі Парфирьев көшесі 60 мекен-жайындағы 9 қабаттан тұратын үй. 72 отбасы жыл басында осы жерден баспаналы болуы керек еді. Алайда, халық әлі күнге дейін қоныс тойын тойлай алмай жүр. Себебі үйде инженерлік желілер жоқ. Құрылыс маусымы қайнап жататын шақта жұмыс тоқтап тұр. Құрылыс алаңында адам қарасы көрінбейді.

«Мәселе шешілмей жатқан соң, өзіміз арнайы топ құрдық. Белгілі болғаны «Мөлдір» деген компания үйге жылу трассасын тартуы керек еді. Ал елордалық кәсіпорын үйдің жанын абаттандыруы қажет болатын. Алайда қазір ешқандай жұмыс көріп тұрғанымыз жоқ. Солардың кесірінен баспанамыз халық игілігіне берілмей тұр. Бармаған жеріміз қалмады. Талай табалдырықты тоздырдық. Тіпті, облыс әкімінің қабылдауына дейін болдық. Проблеманы айтып, журналистерді шақырамыз дегенде аздап жұмыс істегендей болады. Мәселен, жуырда қажетті материалдарды әкеліп тастады. Бірақ олар сол күйі жатыр. Алаңда жұмыс істеп жатқан бір құрылысшыны көрмейсің. Ең сорақысы бұл үйді қалалық құрылыс бөлімі былтыр қазан айында қабылдап алған. Міне содан бері 9 айдан асып барады. Ал, халық болса баспанасын күтіп әбден мезі болды» , - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Атлан Сембаев.

ОБЛЫС ӘКІМІНЕН ДЕ КӨМЕК БОЛМАЙ ТҰР

Талай жыл бойы банкке қаржы салып, пәтер кезегінде тұрған отбасы мүшелері көптен күткен кілтін ала алмай жүр. Аталған мәселеден облыс әкімі де, прокуратура қызметкерлері де құлағдар. Бірақ жауаптылар «күнде ертеңмен» сендіріп келеді.

«Әкімдіктегілер күтіңіздер дейді. Бәрі болады, сәтін салса қыркүйек айында кілт аласыздар. Сосын қоныс тойын тойлайсыздар, уайымдамаңыздар дейді. Әрине, біз сенеміз, сенгіміз келеді. Бірақ үйдің жанынан барып қарасақ, ешқандай жұмыс жүріп жатқан жоқ. Құбырлар жатыр. Ертең олар да бүлініп кетпесе болғаны. Айналаға арамшөп өсіп кеткен. Бергі шетін қазып тастаған. Ал күзетші болса үйге кіргізбейді. Біз жас отбасымыз. Екі балам бар. Қазір міне пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Осы мәселені тезірек шешіп берсе деген тілегіміз бар», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Гүлнұр Өтесбаева.

9 қабатты тұрғын үй екі жыл кепілдікте. Ал, оның жартысы өтіп кеткен. Яғни ертең баспанада қандай да бір ақау табылса, тұрғындар оны жеке қаражатына жөндеуіне тура келеді. Ал қалалық әкімдіктегілер барлық шару күзге дейін аяқталады деп тағы сендіріп отыр.

«Бұл үйге инженерлік желілер тарту жұмысы бөлек жоба ретінде жүзеге асырылады. Оған республикалық қазынадан 32,7 млн теңге бөлінді. Сараптамаға сәйкес құрылыс мерзімі бір айға жалғасады. Алайда бүгінде ол жұмысты бастау мүмкін болмай отыр. Себебі бұл нысанға комуникация көршілес 144 пәтерлік үйден тартылады. Ал ол жоба жүзеге асырылып жатыр. Инженерлік желі тартуға арналған қаржы осы шілде айында бөлінеді. Жұмыс тамыз айында аяқталмақ. Осыдан кейін кезек 72 пәтерлік үйге келеді» , - делінген Петропавл қалалық әкімдігі таратқан хабарламада.

Жалпы жыл соңына дейін Петропавл қаласында 22 бюджеттік үй (6 жалгерлік және 16 кредиттік) және 12 коммерциялық үй пайдалануға беріледі. Дегенмен, қалалық әкімдікте әлі күнге дейін 14 мыңнан астам адам пәтер кезегінде тұр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама