Бизнес үшін карантин жеңілдейді – ДСМ

Қымбат Елтайқызы

Бірқатар өңірде эпидемеологиялық ахуал күрделенді

фото: Halyq Uni

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың мәліметінше, Мемлекет басшысының 21 қаңтардағы тапсырмаларын іске асыру мақсатында Ведомствоаралық комиссияда бизнес субъектілері үшін шектеулерді төмендету тәсілдері қаралды және мақұлданды.

Сонымен, бизнес объектілерінде Ashyq жобасын одан әрі енгізу жалғасады. Жасыл және көк мәртебесі бар келушілерді кіргізетін барлық аймақта, барлық объектіде жұмыс уақыты бойынша шектеулер алып тасталады, – деді министр бүгінгі үкімет отырысында.

Эпидемиологиялық қауіп аймағына қарамастан, Ашықта тек жасыл мәртебесін пайдалану кезінде салтанатты, еске алу, спорт іс-шаралары, көрмелер, форумдар шектеусіз өткізіледі. Спорт кешендерінің, сауықтыру және діни объектілердің, ойын-сауық объектілерінің, сауда-ойын сауық орталықтарының, сауда желілерінің қызметіне шектеу қойылмайды.

Эпидемиологиялық қауіп аймағына қарамастан «көк» мәртебесі бар болған кезде отельдерге, қонақ үйлерге, әуежайларға, темір жол, автовокзалдарға, халыққа қызмет көрсету орталықтарына, «Қазпошта» АҚ бөлімшелеріне, банктерге, асханалар түріндегі қоғамдық тамақтану объектілеріне, жабық базарларға, білім беру ұйымдарына, СПА-орталықтарға, сән салондарына, облысаралық, облысішілік, қалалық тасымалдауларға шектеусіз кіруге рұқсат етіледі.

Көк мәртебесі бар келушілердің кіруіне рұқсат берілген бірқатар объект үшін:

  • жасыл аймақта шектеулер алынып тасталады;
  • сары аймақта -  70%-ға дейін, қызыл аймақта – 60%-ға дейін және мейрамханалар, мәдени объектілер, балалар мен ересектер үшін ойын және ойын-сауық орындары бойынша толымдылық ұлғайды.

Қазақстанда пандемияның бүкіл кезеңінде бизнестің барлық саласында карантин шараларының мұндай кең ауқымды жеңілдіктері болған жоқ.

Сондай-ақ елімізде жақын байланыста болған және симптомсыз науқастар үшін карантин мерзімі қысқарды.