Жақын байланыста болған және симптомсыз науқастар үшін карантин мерзімі қысқарды
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың мәліметінше, «Омикрон» нұсқасынан туындаған коронавирустың таралу жылдамдығы мен ағымының ерекшеліктерін ескеріп, карантин және Ашықтағы мәртебенің өзгеру мерзімдері қайта қаралды.
Сонымен, жақын байланыста болған және симптомсыз науқастар үшін карантин мерзімі 14-тен 10 күнге дейін қысқарды. Бұл ретте, 7 тәуліктен кейін ПТР-зерттеудің теріс нәтижесі болған кезде карантин аяқталады. Егер қандай да бір себептермен 7 тәулікке арналған ПТР-тест тапсырылмаса, онда карантин тестті қосымша тапсырусыз 10-шы күні аяқталады, – деді министр бүгінгі үкімет отырысында.
Қазір Түркістан облысын қоспағанда, бүкіл Қазақстан қызыл аймақта орналасқан. Бұған дейін Премьер-министр эпидемиологиялық жағдайға тоқталып, «бизнестің жұмысына бөгет жасамай, проблемаларды шешуіміз керек» деген болатын.