Зейнет жасын көтеру дамыған мемлекеттерде қолға алынып жатыр
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Парламент Сенатының депутаты Дана Нұржігіттің әйелдердің зейнет жасы туралы депутаттық сауалына жауап берді.
Оның айтуынша, зейнет жасын көтеру үрдісі дамыған мемлекеттерде де, көршілес Әзербайжан, Армения, Ресей, Беларусь елдерінде де қолға алынып жатыр.
2018 жылдан бастап әйел адамдардың зейнеткерлік жасы жыл сайын 6 айға артып келеді. Осы үдеріс кезең-кезеңімен 10 жылда іске асырылады. Зейнетақы жасын біріздендіру бюджет қаражатын үнемдеу үшін емес, лайықты зейнетақы мөлшерін қамтамасыз ету үшін енгізілген. Өзіңізге белгілі, қазақстандықтар бюджеттен базалық және ынтымақты зейнетақысын алады. Ынтымақты зейнетақы азаматтардың 1998 жылға дейінгі 2 еңбек өтілі мен соңғы 3 жылдық табысы негізінде есептелінеді. Нәтижесінде жыл сайын бұл төлемнің түрі кеміп, жинақтаушы зейнетақы үлесі өсетін болады. Сондықтан, зейнетақы жасын төмендету зейнетақы салымдарының көлемінің кемуіне және осы жүйеден берілетін төлемдердің де күрт қысқаруына алып келеді, - деп түсіндіреді Премьер-министр.
Премьер-министр осы өзгерістерді есепке ала отырып, елімізде зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттырудың жаңа шаралары пысықталып жатқанын айтты.
Біріншіден, зейнетақының мөлшерін арттыруды көздейтін зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіне параметрлік өзгерістер енгізу, екіншіден, инфляция деңгейінен 2 пайызға аса отырып, ынтымақты зейнетақы мөлшерін индекстеуді сақтау, үшіншіден, жұмыспен қамту мәртебесіне байланысты зейнеткерлік жасқа жақындап қалған әйелдер үшін жаңа қолдау шараларын анықтау. Әлеуметтік жобаларға тарта отырып, жұмыс істемейтін әйелдердің зейнетақы жүйесіне қатысу мерзімін ұзарту, төртіншіден, зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінің демографиялық трендтерге және бюджет кірістеріне тәуелділігін төмендетуге арналған жинақтаудың шартты компонентін енгізу көзделген. Осы шаралар зейнеткерлердің барлық санаттары үшін зейнетақы төлемдерінің барабар мөлшерін қамтамасыз етеді, - деді Әлихан Смайылов.
2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда әйелдердің зейнет жасы 60,5 жасқа дейін өсті.
Былтыр қазақстандық әйелдер зейнеткерлікке 60 жастан шықса, биыл ол 60 жас 6 айға дейін көтерілді.
2027 жылға дейін әйелдердің зейнет жасы кезең-кезеңмен ұлғайып, 63 жасқа дейін жетеді. Осылайша ерлер де, әйелдер де құрметті демалысқа бір жаста шығады.
Зейнет жасы қалай өседі:
2022 жылдың 1 қаңтарынан — 60,5 жас;
2023 жылдың 1 қаңтарынан — 61 жас;
2024 жылдың 1 қаңтарынан — 61,5 жас;
2025 жылдың 1 қаңтарынан — 62 жас;
2026 жылдың 1 қаңтарынан — 62,5 жас;
2027 жылдың 1 қаңтарынан — 63 жас.
Жалпы Қазақстанда әйелдердің зейнет жасы 2018 жылдан бастап көтеріліп келеді. Оған дейін ана-апаларымыз 58 жасында зейнеткерлікке шығатын.