×

«Депутаттық төсбелгімді музейге өткіздім». Марат Жыланбаев кеше не үшін қамауға алғанын түсіндірді

Полиция тарапынан жасалған қысым, 50 АЕК көлеміндегі айыппұл жайлы

 Данияр Айтпайұлы 11.07.2022 | 13:02
коллаж: Halyq Uni

Әлемнің жеті дүркін рекордсмені, жер жаһанға аты мәлім марафоншы Марат Жыланбаев кеше бір топ жақтастарымен бірге Нұр-Сұлтан қаласында қамауға алынған. Даңқты спортшы Halyq Uni тілшісіне құқық қорғаушылар тарапынан қысым болғанын айтып берді.

Кеше Марат Жыланбаев өзінің Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында «Мені қамауға алды» деген жазба қалдырды. Бірақ арада бірнеше сағат өткен соң «Қолдауларыңызға рахмет. Жағдайым жақсы. Мені босатты» деп қайта жазды. Мәселенің анық-қанығын білу үшін марафоншының өзімен сөйлестік. Ол астаналық полицейлердің заңсыз қамауға алып, қысым көрсеткенін айтты.

«Себепсіз қамауға алды. Біз - бір топ белсенді азамат бірігіп «Алға Қазақстан» атты партия құрмақшымыз. Заң шеңберінен аспай үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуді қолға алдық. Осының аясында болашақ партиямыз туралы ақпарат және біздің байланыс нөмірлеріміз жазылған парақшаларды таратуға шыққан едік. Бұл - заңға қайшы емес. Әуелде оншақты адам келісіп, белгілі бір уақытта, қаладағы жаяу жүргіншілер көпірінің жанында жиналып, парақша таратуға келіскен едік. Ол адамдардың ішінде құқық қорғау органдарына алдын ала хабар беретін ешкім жоқ. Барлығы сенімді серіктеріміз. Меніңше, біздің телефонымыз тыңдалатын сияқты. Себебі, бізді шара өтетін орында полиция күтіп тұрды», - дейді Марат Жыланбаев.

Белсенділер үгіт-насихат парақшаларды енді тарата бергенде құқық қорғаушылар келіп, ұстап әкеткен.

«Алдымен майор шені бар бір полицей келіп, «Сіздердің партияларыңыз тыйым салынған» деді. Оның бұл сөзін біз видеотаспаға жазып алдық. Сол тәртіп сақшысын партиямызға жабылған жаласы үшін сотқа беруді жоспарлап отырмыз. Бұдан кейін ол тарауымызды өтінді. Әрине, біз бас тарттық. Себебі, заңға қайшы еш әрекет жасаған жоқпыз. Сол кезде бізді ұстап алып, полиция бөлімшесіне алып кетті. Жалпы, партия атынан сегіз белсенді болған едік. Үшеуіміз ғана ақпараттық парақша тараттық. Бірақ бәрімізді қамауға алды», - дейді даңқты марафоншы.

Марат Жыланбаев полиция қызметкерлері тарапынан бірнеше заң бұзушылыққа, тіпті, арандатушылыққа жол берілгенін айтуда. Оның сөзіне сүйенсек, заң бойынша үш сағаттан артық қамауда ұстамауы қажет еді. Бірақ құқық қорғаушылар бұл талапқа қарамаған. Бөлімшеге келген бойда бірден қорғаушыға қоңырау шалу үшін телефон сұраған. Телефонды екі сағаттан кейін әрең беріпті.

«Бізді заңсыз ұстау фактісін тіркеу үшін прокурорды шақыруды да талап еттік. Полицейлер прокурорды шақырғанын айтты. Бірақ соңында ол келмеді. Мүмкін шақырмаған да болар. Олардың тарапынан арандатушылық әркеттерді де байқадық. Қысым көрсетуге тырысты. Бізді сұрақтың астына алған бір сержант боқтап, балағаттап, өзін дөрекі ұстады. Бірнеше рет өзін таныстыруын сұрап едік, аты-жөнін айтудан бас тартты. Біз оның үстінен де арыз жаздық», - дейді М.Жыланбаев.

Әлі тіркелмеген «Алға Қазақстан» партиясының дәл осындай акциясы кеше Алматы қаласында да болған. Онда да полицейлер торуылдағанымен, ешкімді қамауға алмапты.

Полицейлер парақша таратқан үш адамға, соның ішінде М.Жыланбаевқа «Тыйым салынған партияны насихаттағаны үшін» деген желеумен 50 АЕК көлемінде айыппұл салмақшы. Белсенді әлі ресми тіркелмеген партияға қалайша тыйым салынуы мүмкін екенін түсінбей отыр.

«Біз адамдарды үгіттеуіміз керек қой. Әйтпеген жағдайда партияға мүшелерді қалай жинаймыз? Мысалы, «Нұр Отан» (қазіргі «Amanat» - ред.) партиясы мыңдаған адамын көшеге шығарып, түрлі акциялар өткізеді. Оларға «қой» деп жатқан ешкім жоқ. Онымен қоса, президент Қасым-Жомарт Тоқаев партиялардың құрылуына рұқсат беріп, оны тіркеу процессін жеңілдетті емес пе? Онда бізге неліктен кедергі келтірілуде?», - деп налиды М.Жыланбаев.

«Алға Қазақстан» партиясының мақсаты - демократиялық құндылықтарды дәріптеу, 1993 жылғы Конституцияны қайтару.

Естеріңізге сала кетейік, Halyq Uni сайты осыдан бірер ай бұрын атақты қазақстандық марафоншы М.Жыланбаевтың депутаттық төсбелгісін 100 мың теңгеге саудаға шығарғанын жазған едік. Ол кезде даңқты спортшы: «Бізде Қазақстанда барлығын сатып алуға болады, депутаттық орынды да, орденді де, қызметті де», деген болатын. Бұл төсбелгі оған 2003 жылы Павлодар облысы Екібастұз қаласының депутаттығына қайта сайланған кезде табысталған. Бірақ, М.Жыланбаев депутаттық төсбелгіні сатып алуға ниетті адамдардың болғанына қарамастан, оны өзі дүниеге келген Қарағанды облысының музейлерінің біріне өткізгенін айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама