Балабақшаға барған баланың мектептегі үлгерімі қатарластарынан басым болады – Аймағамбетов

Динара Амантай

Министр мектепке дейінгі кезеңде баланы ерте дайындау мен дамытудың маңыздылығын айтты

Фото: Halyq Uni

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Telegram-дағы парақшасында мектепке дейінгі кезеңде баланы ерте дайындау мен дамытудың маңыздылығы туралы ойымен бөлісті.

Министрдің айтуынша, баланың ерте дамуының маңызды екенін елеусіз қалдыруға болмайды. Себебі баланың миы тез дамып, негізгі дағдылар мен мінез-құлық қасиеттері қалыптасады, сонымен қатар ол баланың денсаулығына негіз болады. Мектепке дейінгі мекемеге бару баланың бойында өзін-өзі реттеу, жаңа ортаға бейімделу және топта жұмыс істеу сияқты бірқатар пайдалы машығын дамытуға көмектеседі.

Сонымен бірге Аймағамбетов бұл машықтың барлығы баланың мектепте үлкен жетістікке жетуіне ықпал ететіні әлемдік ғалымдардың зерттеулерімен дәлелденгенін айтады.

Халықаралық зерттеулердің нәтижелері балабақшаға барған және ерте жастан жазу мен санауды үйренген балалар мектепте үлгерімі бойынша өз қатарластарынан басым болатынын көрсетеді. Мысалы, PISA-2018 деректері бойынша үш жылдан астам балабақшаға барған оқушылар мектепке дейінгі ұйымдарға бармағандарға қарағанда жоғары нәтиже көрсетеді: оқу сауаттылығы бойынша 20 ұпайға және математика мен жаратылыстану сауаттылығы бойынша 16 ұпайға, – деп жазды министр.

Бұған қоса ол TIMSS зерттеуінің нәтижелері де балабақшаға барған оқушылардың жақсы нәтиже көрсеткенін дәлелдегенін жеткізді. Мысалы, балабақшаға бармаған 4-сынып оқушылары мен оған үш жылдан астам барғандар арасындағы айырмашылық математикадан 16 балл, ал жаратылыстану пәні бойынша балабақшаға барғандарда 23 балл болды. Ал ата-аналары мектепке дейін жазуды, оқуды және санауды үйреткен 4-сынып оқушылары ата-аналары анда-санда ғана оқуына көңіл бөлген балаларға қарағанда математикадан 15 ұпайға және жаратылыстану пәнінен 25 ұпайға жоғары алған.

Бас ұстаздың пайымдауынша, ерте дамыту мен мектепке дейінгі білім берумен қамту еліміздің экономикалық көрсеткіштеріне әсері жағынан да маңызды. Бұл сөздерін дәйектеу үшін ол Нобель сыйлығының лауреаты Д. Хекманның тұжырымдарын келтіреді. Америкалық экономистің зерттеуінше, әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалардың мектепке дейінгі біліміне жұмсалған бір доллары мемлекетке 8 (6) доллар пайда әкеледі.

Жазба соңында Асхат Аймағакмбетов болашақта баланың көрсеткіштеріне әсер ететін маңызды критерий – ол мектепке дейінгі ұйымның сапасы екендігіне назар аударды.