×

Үндістанда су тасқыны аймағынан 15 мыңға жуық адам эвакуацияланды

Эвакуациялау операциясына жергілікті гарнизон мен шекара бөлімдерінің әскери қызметшілері жұмылдырылған

 Халық үні 09.07.2022 | 16:49
Фото: ашық дереккөздерден

Үндістанның солтүстігіндегі Джамму мен Кашмир одағы аумағындағы Амарнатх қасиетті үңгір храмы аймағынан 15 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлайды ТАСС ақпарат агенттігі.

NDTV телеарнасының сенбі күні хабарлауынша, эвакуациялау операциясына жергілікті гарнизон мен шекара бөлімдерінің әскери қызметшілері жұмылдырылған. Жұма күні күшті муссон нөсерінен туындаған су тасқыны салдарынан кем дегенде 15 адам мерт болды.

Ел билігінің мәліметінше, тағы 40-тан астам адам із-түзсіз жоғалды. Жұма күні ағын су мен көшкін шатырлар мен қоғамдық асханаларды басып, дін ұстанушылар жатқан лагерьлер балшық пен тасқа толды. Қазіргі уақытта адамдар уақытша орналастыру орындарына жеткізілуде.

Құтқару топтары із-түзсіз жоғалғандарды іздеп жатыр. Үндістанда халқының көпшілігін мұсылмандар құрайтын жалғыз аймақ - Джамму мен Кашмирде 30 маусымнан бастап, COVID-19 пандемиясына байланысты екі жылдық үзілістен кейін амарнатх-ятра қажылығы өтіп жатыр. Мыңдаған адам Джамму қаласынан Амарнатхтың қасиетті тау үңгіріне дейінгі саяхатын бастайды. Дәстүр бойынша, үңгір жылына төрт айдың шамасында ғана жұртшылық үшін ашық, ал қажылық уақыты 40-45 күнмен шектелген кезде қасиетті орынға жаяу ғана бару керек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама