Halyq Uni логотип
×

Елімізде жыл басынан бері 900 адам жол апатынан қаза тапты

Республика жолдарында алты айда 6 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы болды

 Динара Амантай 08.07.2022 | 17:13
Елімізде жыл басынан бері 900 адам жол апатынан қаза тапты
Фото: Halyq Uni

Қазақстанда жыл басынан бері жол апатынан 900-ден астам адам қаза тапты. Бұл туралы ІІМ-нің ақпараттық сайты хабарлады.

Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің мәліметінше, осы жылдың алты айында еліміздің жолдарында 6 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 900-ден астам адам қаза тауып, 8 мыңнан астамы әртүрлі дене жарақаттарын алған. Оның ішінде кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қатысуымен 1426 жол апаты тіркелген, 89 жеткіншек қаза болып, 1678 жасөспірім әртүрлі дене жарақатын алған.

Балалар көлік жолаушысы ретінде де, жаяу жүргінші ретінде де жол апатына түсіп жатады. Мәселен, сандарды сөйлететін болсақ, 735 бала жаяу жүргінші ретінде, ал 588 бала көлік жолаушысы ретінде ЖКО қатысушы болған. 1500-ден астам жеткіншек түрлі дене жарақаттарын алған. Жаяу жүргінші ретінде апатқа ұшыраған жасөспірімдердің 21-і, ал жолаушы ретінде қатысқандардың 54-і қаза болған, – деп мәлімдеді ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Оның айтуынша, ведомство мамыр айында республикалық «Абайлаңыз, балалар» акциясын өткізген. Акцияның басты мақсаты – жазғы каникулдың басталуы қарсаңында балалардың көшелер мен жолдарда қауіпсіз жүріп-тұруына байланысты дағдыларды нығайту. Кәмелетке толмағандардың кінәсінен және қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін мектептердің жоғары сынып оқушылары мен олардың ата-аналары арасында тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама