Аудан әкімінің орынбасары диқандардың мәселесін білгенімен, оның қашан шешілетінін нақты айта алмады
Жамбыл облысында диқандар тағы да мәселе көтерді. Сарысу ауданына қарасты Ұйым ауылының шарулары еккен дүниесі қурап, еткен еңбегі далаға кеткеніне налиды. Оған себеп - Сарыөзек каналындағы жөндеу жұмыстары. Бетондалған арық сапасыз салынғандықтан, осы күнге дейін еккен егіндерінің тамырына бір тамшы су тамбаған.
Су сұраған Сарысу ауданының шаруалары «арыққа бөлінген ақша ауаға кетті» дейді. Айтуынша, осыдан 6 жыл бұрын Сарыөзек каналының жөндеу жұмысына 85 млн теңге бөлінген. Бірақ талапқа сай жөнделмегендіктен, тіршілік нәрі 400 гектар алқапқа жарытып жетпей жатыр.
«Егін егіп күн көріп келе жатқанымызға біраз жылдың жүзі болды. Бала-шағамызды асырау үшін шілденің шіліңгір ыстығына қарамай, осы алқаптың басында жүреміз. Біздегі мәселе - судың жоқтығы. Еккен дүниемізге су жетпей, қурап жатыр. Арық дұрыс салынбаған, соның зардабын біз көріп отырмыз. 2016 жылы лоток саламыз деп 44 млн теңге төңірегінде қаржы бөлінді. Бірақ ол сапасыз салынды. Одан кейін 2020 жылы жөндеу жұмысына деп қайтадан 40 млн теңге бөлінді. Оны да салып жарытпады. Сонда есептеп қарасаңыз, 85 млн теңгеге жуық қаржы кетті. Бірақ еш өзгеріс болған жоқ. Қазір диқандар арықтың ішіне кіріп, белден су кешіп, қолмен қамыс орып жүр. Ал әкімдік судың мәселесін әлі шеше алмай жүр. Бұл тізесі шыққан сұрақ әкімшілік жиналыстарда, үлкен мінберлерде қозғалып келеді. Бірақ шешілмейді», - дейді Ұйым ауылының тұрғыны Береке Базаров.
Каналдың өрге қарай биіктетіп салынуы диқандарды әбден әуреге салған. Шілденің шіліңгір ыстығында қырға қарай зордың күшімен жеткізілетін судан етектегі егістікке тамшы да жетпей, қурап қалған. Соның салдарынан шаруалар шығынға батқан.
«Кінәні мердігер әкімшілікке жабады, әкімшілік мердігерге жабады. Солай бір-біріне сілтеумен күні өтіп жатыр. Ал біз шығынға батып жатырмыз. Біздің елде ары таза мердігер бар ма өзі? Сарыөзек каналын салған мердігер каналдың басына жүздік лоток қойған да, аяғына келгенде сексендік лоток қойып кеткен. Енді аяғына келгенде су арнасынан тасып далаға ағып жатыр», - дейді тағы бір шаруа Таңат Сергулиев.
Ұйым ауылының тағы бір тұрғыны Бақытжан Сарымолдаев 30 гектарға жоңышқа еккен. Алайда, оның тек 6 гектары жайқалып өсіп тұр. Ал қалғаны су жетпегендіктен қурап қалған.
Осы егінді көгерту үшін 3 млн 700 мыңдай ақша салдық. Өкінішке қарай, бір тиынымды ақтамады. Судың жоқтығынан игере алмай жатырмыз. Жылда егінсіз қаламыз. Биыл да солай. Мәселемізді әкім де, оның орынбасарлары да біледі. Бірақ ешқандай шара қолданылып жатқан жоқ, - дейді ол.
Ауданнан келген жауаптылардың бірі аяғына резеңке етік киіп, каналдың тереңдігін тексеріп, сапасын сынап көрді. Ол арық жүйесінің атүсті жасалғанын жоққа шығармады. Оны мердігер кепілдікпен жөндейтінін айтты. Бірақ тағы да ақша бөлінбей алқап басындағы дау бітпейді деп отыр.
«Сарыөзек каналының ұзындығы шамамен 8 шақырымды құрайды. Қазір оның 2,5 шақырымы лотокталса, арғы жағында 4,5 шақырымдайы жөндеуді қажет етеді. Қазір біз 131 млн теңгеге жобасын жасадық. Оған биыл ақша бөлінсе, бұл мәселе шешіледі деп ойлаймын», - дейді Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Олжас Көкеев.
Шенеунік шаруаларды алаңдатқан мәселені шешетін қаржы күзде аударылуы мүмкін екенін жеткізді. Өтінім былтыр берілгендіктен, әлі қаралып жатқан көрінеді.