Азық-түлік қымбаттамас үшін бюджеттен пайызсыз несие беріп отырмыз – Көлгінов
Шаһарда азық-түліктің 19 түрінің бағасы бақылауда
Нұр-Сұлтанда азық-түлік тауарларының бағасы күрт көтеріліп кетпес үшін гипермаркеттерге бюджеттен пайызсыз несие беріп отырмыз. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі.
Оның айтуынша, бүгінде азық-түлік, қант мәселесі өзекті.
«Тұрғындарды азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінде тұр. Көп адамды бұл мәселе мазалайды. Әсіресе, маусым аралығында баға тым көтеріліп кетпес үшін механизмдер бар. Мысалы, біз ірі гипермаркеттермен, сондай-ақ отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен форвордтық келісімшарт жасадық. 4 облыстан көкөністер жеткізіліп жатыр», - деді Алтай Көлгінов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Қала әкімі азық-түлік бағасын ұстап тұру үшін кәсіпкерлерге пайызсыз несие берілгенін атап өтті.
Гипермаркеттермен азық-түліктің 19 түрі бойынша, яғни олардың бағасы көтерілмес үшін мемлекеттік бюджеттен пайызсыз несие беріп отырмыз. Ол – қайтарымды ақша. Бірақ баға тым көтеріліп кетпес үшін тиісті іс-шараларды жүргізіп жатырмыз, - деп сөзін түйіндеді әкім.