Бұған қоса 142 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды
Биыл жемқорлыққа қатысты қылмыстары үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2 қызметкері сотталды. Бұл туралы ведомство басшысы Олжас Бектенов агенттіктің алқа отырысында айтты.
Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте 2022 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша алқа отырысы өтті. Оған Парламент мәжілісінің депутаттары, Президент әкімшілігінің, Бас прокуратураның және жұртшылықтың өкілдері, сондай-ақ алқа мүшелері, Агенттіктің басшы және жеке құрамы, Нұр-сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары, облыстар департаменттерінің басшылары, сондай-ақ аумақтық бөлімшелердің жеке құрамы (бейнеконференцбайланыс арқылы) қатысты.
Олжас Бектенов агенттікте қызметкерлерді мансаптық жоғарылату меритократия қағидаты бойынша жүргізілетінін айтты. Оның мәліметінше, соңғы үш айда 57 қызметкер жоғары кәсіби, іскерлік және жеке қасиеттерін көрсеткені үшін басшы лауазымдарға ұсынылды. Құқық қорғау органдары академиясында алғаш рет 50 жас маман 6 айлық оқуын аяқтады. Жақын арада олар қызметке тағайындалады.
Бұған қоса ол жеке құрамның тазалығына ерекше көңіл бөлінетініне назар аударды.
Антикор қызметкерлерінің моральдық және кәсіби келбеті мінсіз болуы керек. Қоғам тарапынан сынға себеп болмауы керек. Қызметкерлердің заңға қайшы және әдепке жат қылықтары туралы кез келген қарама-қайшылықтары менің жеке бақылауымда болады. Ағымдағы жылда сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін 2 қызметкер сотталды. Тәртіптік жауапкершілікке 142 қызметкер тартылды, оның бесеуі теріс себептермен босатылды. Бұл мәселеде біз түбегейлі және қатаң ұстанымды ұстанамыз, – деді Олжас Бектенов.
Сонымен бірге ол жақын арада Агенттік өз қызметкерлеріне қатысты Integrity Check жемқорлыққа төзбеушілікке тексеру тетігін пилоттық апробациялау басталатынын атап өтті.
«Менің ойымша, біз осы ұсыныстың бастамашысы ретінде өзімізден бастаймыз. Жаңа тәсілдерді қолдана отырып, өз қатарларымыздың тазалығын қамтамасыз ететін боламыз», – деді Антикор басшысы.