ДСҰ желісінің мемлекеттік нормативіне өзгерістер енгізілді
Денсаулық сақтау министрлігі шалғай орналасқан ауылдарды қоса алғанда, ауылдық елді мекендердің тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында Денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативіне өзгерістер енгізді. Бұл туралы ДСМ-ның баспасөз қызметі хабарлады.
Аталмыш өзгерістерге сәйкес, енді халық саны 50 адамға дейінгі елді мекендер медицина қызметкерімен үйде қамтамасыз етілетін болады, бұрын бұл ауылдар мұндай мүмкіндікке ие болмаған.
Сонымен бірге тұрғындар саны 50-ден 500 адамға дейінгі ауылдарда медициналық пункттер ашу, халық саны 500-ден 1500 адамға дейін (бұрын 800-ден 1500-ге дейін болған) елді мекендерде фельдшерлік-акушерлік пункттер құру көзделеді. Ең маңыздысы, желінің жаңа нормативін енгізу нәтижесінде 502 медициналық пунктті ФАП - қа, 185 дәрігерлік амбулаторияны МСАК орталықтарына қайта ұйымдастыру белгіленген. Осы өзгерістер аясында 500-ден астам орта медициналық қызметкерлер, фельдшерлер мен акушерлердің қызметтері пайда болады, бұл ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Халық саны 1500-ден 5000 адамға дейін (бұрын 1500-ден 10 000-ға дейін болған) елді мекендерде дәрігерлік амбулаториялар ашылады, сондай-ақ 5000-нан астам тұрғын тұратын ауылдарда МСАК орталықтары құрылатын болады. Жаңа енгізілімдер жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша дәрігерлік амбулаториялардың учаскелерін кеңейтуді көздейді.
Бұған қоса ауыл халқына уақтылы шұғыл медициналық көмек көрсету, «алтын сағат» қағидатын сақтау және жаңа медициналық технологиялардың қолжетімділігі мақсатында Көп бейінді ауданаралық ауруханалар Көп бейінді орталық аудандық ауруханалар (КОАА) болып қайта құрылатыны белгілі болды.
Түрлендірілген КОАА базасында мынадай қызметтер жұмыс істеуі тиіс: инсульт орталығы, аз инвазивті кардиологиялық орталық (ТКА орталығы), медициналық оңалту, Травматология және ортопедия, хирургия, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелері, перинаталдық орталық немесе босандыру бөлімшесі, триаж жүйесі бар қабылдау бөлімшесі, жоғары технологиялық жабдықпен (КТ, МРТ, ангиографтар) жарақтандырылған тәулік бойы жұмыс істейтін клиникалық зертхана).
Аталған медициналық ұйымдар бірнеше ауданның тұрғындарына қызмет көрсететін болады, бұл шалғай аудандар мен ауылдардың тұрғындары үшін мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, жоғарыда айтылғандардан басқа, қабылданған өзгерістерге сәйкес стационарлық ұйымдар, атап айтқанда инфекциялық, онкологиялық және перинаталдық орталықтар бойынша дербес стационарлар ретінде де, көп бейінді ауруханалар құрамында да жұмыс істеу көзделеді.