Halyq Uni логотип
×

Алматыда жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр

«Бутаковкада» заңсыз басып алынған 4,82 гектар жердің мәселесі шешілді  

 Дастан Жұмабекұлы 08.07.2022 | 11:35
Алматыда жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр
Фото: gov.kz

Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан хабарлады. Ол «Жер аманаты» комиссиясының кезекті сапары Алматы қаласында жалғасып жатқанын, AMANAT партиясының хатшысы, комиссия төрағасы Дәулет Кәрібек, орынбасарлар - Ауылшаруашылығы министрлігі Жер ресурстары комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов, белгілі заңгер Бақытжан Базарбек, Мәжіліс депутаттары Артур Платонов, Бекқали Торғаев, Жер ресурстары комитетінің басқарма басшысы Айдос Абдрахмановпен бірге жұмыс сапары аясында заңсыз берілген жер телімдеріне байланысты қала тұрғындарымен кездескенін айтты.

Осы ретте, ол қалада жерге байланысты қордаланған мәселе жетіп артылатынын, комиссияға тау бөктеріндегі жер телімдеріне байланысты талап-арыздар мол түсіп жатқанын атап өтті.

Бірінші, «Медеу мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» аумағындағы жер учаскесі бойынша.

«Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары Б.Базарбектің арызына сәйкес, Алматы қаласының жер ресурстарын басқару департаменті, «Медеу» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» (бұдан әрі – парк) аумағынан А.Искаков дейтін азаматқа жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін көлемі 4,82 гектар жер учаскесін заңсыз табыстау мәселесін қаралды.

Алдын ала тексеру нәтижелері бойынша қолданыстағы жер заңнамасының талаптарын өрсекел бұзу фактілері анықталып, тиісті лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды және заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама талаптарына сәйкес, жер учаскесі парк аумағына қайтарылды.

Комиссияның шешімі: «Жер аманаты» комиссиясының ықпалымен заңсыз табысталған жер учаскесі мемлекет меншігіне (паркке) қайтарылды, - деді ол.

Одан әрі ол «Горный гигант» аумағындағы Хамраевтардың арызы бойынша мәселе қаралғанын айтты.

Оның айтуынша, Хамраевтардың «Горный гигант» ауыл шаруашылығы бірлестігінен - 9 гектар жер учаскесін алмабаққа пайдалану үшін тиесілі болған. Осы бірлестіктен 1989 жылы жалға алу шартымен 49 жылға жалға алынған, 2001 жылы Алматы облысы Талғар ауданы әкімнің шешімімен қайта берілген. Хамраевтар осы уақытқа дейін неше рет Алматы қаласы әкімдігіне осы жерді Алматы қаласы шекарасына өтуіне байланысты қайта рәсімдеу туралы сұраған. Алайда, Олимпиадалық ауыл салу үшін қаралған және басқа да әр түрлі себептермен жер беруден бас тартып отырған.

Бұл жер учаскесі, кейін 2006 жылы Алматы қаласы әкімдігінің шешімімен «Ерменсай», «Asia construction», «Элит-Алатау-07» ЖШС-ға коттедждер салу үшін беріліп кеткен.

Бүгінгі таңда арызданушының пайымдауынша жер учаскесі аталған компанияларға заңсыз, Хамраевтардың құқығын бұза отырып берілген деп есептейді.

Айтуынша осы күнге дейін Хамраевтар жер учаскесін нақты пайдаланып отыр.

Комиссияның ұсынысы: Хамраевтардың шағымына сәйкес, Алматы қаласының жер ресурстарын басқару департаменті, Алматы қаласының әкімдігіне қатысты тексеру шараларын жүргізіп, заңсыз табысталған жер учаскесін жер пайдаланушыға қайтару мәселесін қарастырсын.

Сонымен бірге Ж.Әшімжан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті аумағындағы жер учаскелері бойынша тексерістің болғанын атап өтті.

«Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары Б.Базарбектің арызына сәйкес, Алматы қаласының жер ресурстарын басқару департаменті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті аумағының бір бөлігін иеліктен шығарудың заңдылығына тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесімен Алматы қаласының әкімдігі қолданыстағы заңнама талаптарын бұза отырып, Алматы қаласы әкімдігімен қаулылар заңсыз қабылданған, осының салдарынан көлемі 1,09 гектар жері заңсыз университет иелігінен шығарылған.

Нәтижесінде Алматы қаласының әкімдігіне заңсыз қабылданған қаулыларды жою бойынша нұсқамалар берілді.

Қазіргі уақытта, департаментпен аталған нұсқамалар талаптарын орындауды сот арқылы мәжбүрлеу шаралары жүргізілуде, сот шешіміне сәйкес заңсыз қабылданған қаулылар жойылған жағдайда, жер учаскесі университет меншігіне қайтарылатын болады, - деді ол.

Оның айтуынша, комиссия департамент заңсыз табысталған жер учаскесін Университет меншігіне қайтару үшін сот органдарына құжаттарды жолдауды тездетсін және «Жер аманаты» комиссиясы Жоғары сотқа аталған мәселені бақылауға алу туралы ұсыныс хат жолдасын деген ұсыныс берді.

Одан кейін Алматы қаласы Каменское плато аумағындағы даулы жер телімдері бойынша да мәселе көтерілген. Бұл туралы депутат мынадай мәлімет айтты.

Алматы қаласы, Медеу ауданы, Обсерватория көшесінің оңтүстігі, (бұрынғы Каменское плато ауылы), «Фесенкова» атындағы обсерваторияның оңтүстік шығысы, «Ақ Қайын» санаториясы маңындағы жер учаскелері Алматы қаласы аумағына Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 16 сәуірдегі № 798 «Алматы қаласы шекарасына өзгертулер енгізу туралы» Жарлығының негізінде енді.

Аталған жер учаскелері, Алматы облысы, Талғар ауданы әкімдігімен берілген.

Бүгінгі таңда, сол маңдағы тұрғындар Іле-Алатау Ұлттық паркімен шекаралас орналасқан жер учаскелерінің заңсыз беріліп, жеке меншікке өтуіне және тау қыраттарында жүргізіліп жатқан бей-берекет құрылыстарға шағымдануда, - деді ол.

Осы ретте, ол комиссияның тұрғындардың шағымына сәйкес, Алматы қаласының жер ресурстарын басқару департаменті, қолданыстағы заң аясында Ұлттық парктің жерлерін заңсыз табыстау фактілері бойынша тиісті әкімдіктерге қатысты тексеру шараларын жүргізіп, заңсыз табысталған жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару туралы ұсыныс жасағанын атап көрсетті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама