Қазақ-өзбек шекарасындағы Қазақстан азаматтары елге оралды

Ая Өміртай

Бұған дейін Өзбекстандағы 50 шақты қазақстандықтың елге қайта алмай отырғаны айтылды

скриншот: видео

Еске салайық, Қарақалпақстан астанасы Нүкіс қаласында Конституцияға енгізілген өзгертулерге қарсы жаппай наразылық өткен болатын. Осы жағдайға байланысты Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Қарақалпақстан аумағында 3 шілдеден 2 тамызға дейін төтенше жағдай жариялады.

2 шілдеде ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті қазақ-өзбек шекарасындағы өткізу пунктерінің уақытша жабылғанын хабарлады.

Атап айтқанда, «Дәуіт-ата» – «Тәжен» өткізу пунктінде адамдардың, көліктердің және жүктердің өтуі тоқтатылды. Сондай-ақ «Қарақалпақстан» – «Бейнеу» темір жол қатынасы да тоқтатылды.

Бұған дейін шекарадағы бекеттер жабылғаннан кейін Өзбекстандағы 50 шақты қазақстандықтың елге қайта алмай отырғаны айтылды. «Дәуіт-ата» – «Тәжен» өткізу пунктінде Қазақстан азаматтары үш күннен бері еліне орала алмай жатыр. Олардың ішінде кішкентай балалар да бар. Ақшасы да, тамағы да таусылған.

Бүгін Өзбекстанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязхожаев қазақ-өзбек шекарасындағы қазақстандықтардың елге оралғанын мәлімдеді.

«Соңғы бірнеше күнде, яғни 3-5 шілде аралығында дәл бақылау бекетінде болған Қазақстан азаматтарын түгел шығардық, яғни олардың барлығы отанына оралды. Оның ішінде әйелдер де болды. Сыртқы істер министрлігі және Қазақстандағы Самарқандтағы бас консулдығы жақсы жұмыс істеді», - деді Саидикрам Ниязхожаев.