Биылғы мектеп түлектері екі рет мүмкіндік берілсе де тест тапсыра алмаған
Шекті балдан аспағандар өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға көбейіп отыр
Биыл мектеп бітірген түлектердің әрбір үшіншісі шекті балды жинай алмаған және бұл – екі қайтара берілген мүмкіндіктің нәтижесі. Соның өзінде тестке қатысқан 154 мың баланың 51 мыңы жоғарғы оқу орнына түсу мүмкіндігінен қағылған.
Биыл өрескел ереже бұзу 4 есе азайған десе де, оңай жол іздеген оқушылар аз болмапты. Мысалы бір түлек дәрумен ішемін деп құты алып кіріп, соған сұрақтарды жазып шығармақшы болған. Емтиханға ағасын жібергендер де бар. Алайда ол түлектің айласы биометриялық тексерістен аспай қалыпты. Сөйтіп Face-ID жүйесі інісіне көмектеспек болған жанашыр ағаны жолдан қайтарған.
КТК телеарнасы биыл максималды 140 балды да ешкім жинай алмағанын хабарлады. Бір сұрақтан ғана қате кеткен 3 талапкер бар екен. Оның екеуінің тест нәтижесі жоққа шығарылып отыр. Өйткені академиялық адалдық сақталмаған дейді тестілеу орталығы. Тағы 200-ден аса күмәнді түлектердің жауаптары мен бейнебақылау камерасынан отырыс-тұрысы тексеріліп жатыр.
Биыл сұрақтар жаңартылған білім мазмұнына сай құрастырылды. Соған қарамастан, шекті балдан аспағандар өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға көбейіп отыр, - дейді «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директоры Руслан Емелбаев.
Жалпы, биыл мектеп бітіргендердің көбі ІТ, тіс дәрігері, педогаг мамандықтарын таңдаған.