Күнбағыс дәндерін сыртқа шығаруға шектеу енгізілді

Дәурен Ерболат

Шектеу азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін керек

Фото: m.infox.ru

Биыл 30 қыркүйекке дейін Қазақстан аумағынан күнбағыс дәндерін әкетуге квота енгізіліп жатыр, деп хабарлайды Мемлекеттік кірістер комитеті.

Қазақстан аумағынан жекелеген тауарларды әкетудің кейбір мәселелері туралы» Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы 2022 жылғы 5 шілдедегі № 214 бұйрығымен күнбағыс дәндерін Қазақстан аумағынан әкетуге сандық шектеулер (квоталар) енгізіледі. Шектеулер 2022 жылғы 8 шілдеден бастап 30 қыркүйекке дейін қолданыста болады, - деп жазылған хабарламада.

Күнбағыс дәндерін әкетуге енгізілген шектеу Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет. Бұйрық қолданысқа енгізілген күнге дейін Қазақстан және ЕАЭО кедендік заңнамасына сәйкес экспорттың кедендік рәсімі бойынша орналастырылған және шығарылған тауарлар еліміздің аумағынан кедергісіз әкетуге жатады.