×

Қарақалпақстандағы қазақстандықтарға көмек көрсету жөнінде жедел штаб құрылды

Бұған дейін Өзбекстандағы 50 шақты қазақстандықтың елге қайта алмай отырғаны айтылды

 Айнұр Шошаева 07.07.2022 | 18:03
скриншот: видео

Қарақалпақстан республикасындағы Қазақстан азаматтарына көмек көрсету жөнінде жедел штаб құрылды. Бұл туралы Өзбекстанның ішкі істер министрлігінен хабарланды.

Еске салайық, Қарақалпақстан астанасы Нүкіс қаласында Конституцияға енгізілген өзгертулерге қарсы жаппай наразылық өткен болатын. Осы жағдайға байланысты Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Қарақалпақстан аумағында 3 шілдеден 2 тамызға дейін төтенше жағдай жариялады.

Өзбекстан президентінің жарлығымен Қарақалпақстан автономиясы туралы Өзбекстан Конституциясы өзгеріссіз қалатын болды.

2 шілдеде ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті қазақ-өзбек шекарасындағы өткізу пунктерінің уақытша жабылғанын хабарлады.

Атап айтқанда, «Дәуіт-ата» – «Тәжен» өткізу пунктінде адамдардың, көліктердің және жүктердің өтуі тоқтатылды. Сондай-ақ «Қарақалпақстан» – «Бейнеу» темір жол қатынасы да тоқтатылды.

Бұған дейін шекарадағы бекеттер жабылғаннан кейін Өзбекстандағы 50 шақты қазақстандықтың елге қайта алмай отырғаны айтылды. «Дәуіт-ата» – «Тәжен» өткізу пунктінде Қазақстан азаматтары үш күннен бері еліне орала алмай жатыр. Олардың ішінде кішкентай балалар да бар. Ақшасы да, тамағы да таусылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама